Жаңалықтар

Барлық қызметті электронды түрде алуға болады

Барлық қызметті электронды түрде алуға болады

Елімізде жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл жүйені жаңартып, ұйымдастыру ісін жандандыра түсу үшін биыл облыс бойынша Еңбек мобильділігі орталығы мен оның Мансап орталықтары түрінде филиалдары ашылып, жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, бұл орталықтың жұмыстары цифрландырылып, электронды түрде қызмет көрсетіп отыр.

Анығырақ айтқанда, Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде биыл 1 шілдеден бастап еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 Еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Ал, жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары болып қайта құрылды. Еңбек мобильділігі орталығының негізгі жаңа функцияларына тоқталсақ, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз етеді және өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіреді. Сонымен қатар, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жүзеге асырады және өңірде жүзеге асырылатын барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесіп, азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіреді. Сол секілді жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеп, оларды жұмыспен қамту шараларын қабылдайды және халықты, жергілікті атқарушы, уәкілетті мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етеді. Орталық осы функцияларды іске асыру үшін қала және аудан аумағында жұмыс істейтін еңбек нарығының барлық институттарын белсенді түрде тартады. Ол үшін оларға азаматтардың нысаналы топтарын жұмысқа орналастырумен байланысты жекелеген функцияларды аутсорсингке беру құқығы беріледі. – Жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет көрсететін еңбек делдалдығы бойынша қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту мақсаттарының бірі – жұмыспен қамту саласындағы барлық қызметтер мен қолдау шараларын толық цифрландыру. Мәселен, қазір өзіне жұмыс іздеген азамат немесе қызметкер іздеген жұмыс беруші enbek.kz аталатын арнайы порталға кіріп, еңбек нарығынан өзіне керегін таба алады. Бұл мүмкіндіктердің цифрлық экожүйесінен жұмыс іздеуші немесе маман іздеуші екеніңізді көрсетесіз. Ол үшін көрсетілген жолаққа мамандық, компания немесе түйінсөзді жазасыз. Тіпті, ол жерге өзіңіздің көңіліңізден шығатын жалақы бойынша іздесеңіз немесе сәйкестік, дағдыларыңызға қарай іріктеп, хабарландыруларды қалауыңызға қарай көріп шығуыңызға болады. Ол цифрлық жүйеден азаматтар тек жұмыс іздеп қана қоймай, дағдыларын дамыту мақсатындағы кәсіби курстарға қатысуына да болады. Әрине, курстар онлайн жүргізіледі. Ол үшін Enbek skills жаңа дағдыларды үйрету және мансапты дамыту мүмкіндігі бөлімінен әркім өз қалауындағы курсты таңдап, тіркеледі, – дейді облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Серік Әлібеков. Мүмкіндіктердің цифрлық экожүйесінде бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі де бар. Сонымен қатар, «Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табыңыз» деп аталған бөлімнен жобаларға қатысу мүмкіндіктерін көруге болады. Онда «Қазақстанда азаматтардың өмір сүру сапасы мен табысын арттыруға бағытталған 11 Ұлттық жоба іске асырылуда. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту (балабақшалар, мектептер, емханалар, ауруханалар салу), қалалар мен ауылдарды абаттандыру, жаңа өндірістер есебінен экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, серпінді цифрландыру бойынша практикалық жоспарлар. Барлық осы нақты жобалардың басты нәтижесі – қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын құру және олардың әл-ауқатын арттыру. Жобаларды іске асыру үшін жұмыс берушілерде кадрларға үлкен қажеттілік бар. Оларға білімі бар, білімі жоқ, әртүрлі уақыт аралығында түрлі салалардағы әртүрлі кәсіби мамандар қажет. Ұлттық жобалар бойынша жұмыс орындарының Бірыңғай платформасында барлық өңірлерден келген ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің мамандықтары, ұсынылатын жалақысы, талап етілетін дағдылары көрсетілген өзекті бос орындары орналастырылған. 3 қарапайым қадамды орындау арқылы Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға үлес қосыңыз, яғни біріншісі – сізді қызықтыратын бос орынды Бірыңғай платформадан таңдаңыз. Екіншісі – түйіндемеңізді жасаңыз және оны жұмыс берушіге жіберіңіз. Үшіншісі – сұхбаттан өтіп, жұмыс берушімен еңбек шартын жасаңыз. «Ұлттық жобаны, бағдарламаны таңдаңыз» деп, барлық ұлттық жобалар, бағдарламалар көрсетілген. Әркімді қызықтырған, өзіне қажетті жобаны таңдаса, сол туралы «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі толық ақпарат көрсетіледі. Енді осы тұста Мансап орталықтарының онлайн қызметтеріне де тоқтала кетейік. Егер жұмыс іздеп жүрген болсаңыз, Enbek.kz-те жеке кабинет ашасыз. Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтінімді толтырасыз және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қоясыз. Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен соң тіркелу құқығыңыз автоматты түрде тексеріліп, одан кейін жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. Жұмыссыз ретінде сәтті тіркелгеннен кейін жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шараларын таңдай аласыз. Мұнда назар аударатын мәселелермен де танысқан жөн. Яғни, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне сәйкес жұмыссыз болу және жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шараларын алу үшін тек жұмыс іздеп жүрген азамат тіркеледі. Бұған жұмыс істейтін азаматтар, жасы бойынша зейнеткерлер, студенттер және жоғары сынып оқушылары жұмыссыз ретінде тіркелмейді. Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелген азамат 3 жұмыс күні ішінде Enbek.kz порталында қолайлы жұмыс таңдай алады. Бос жұмыс орындарына өтінімдер жіберіп, жұмыс берушілердің шақыруымен сұхбаттасуларға қатысады. Ал, егер жұмысынан айырылған азамат жұмыссыз ретінде тіркелсе, жұмыссыз қалғанда төленетін әлеуметтік төлемге өтінім жолдай алады. Әлеуметтік төлем алдыңғы жұмыс берушідегі жұмыс өтіліне және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың болуына байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалуы мүмкін. Enbek.kz-ке тіркелген азамат мемлекеттен уақытша жұмыс орнын да таба алады. Мұнда жұмыс орындары бірнеше бөлімдермен берілген. Атап айтсақ, алғашқы жұмыс орны тәжірибе алу үшін кәсіби білімі жоқ 35 жастан аспаған жастарға арналған. Жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды, жалақыны мемлекет 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлейді. Жобаға қатысу аяқталғаннан кейін жұмыссызға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі, жалақы мөлшерін жұмыс беруші айқындайды. Әлеуметтік жұмыс орнында талаптар жұмыс беруші арқылы анықталады. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақының мөлшерін жұмыс беруші орнатады, оның 35 пайызын мемлекет төлейді. Қоғамдық жұмыстар әлеуметтік пайдалы жұмыс, кәсіптік білім талап етілмейді. Ұзақтығы 12 айдан аспайды, жалақы 20 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес. Жастар практикасы оқуды 5 жылдан артық емес уақыт бұрын бітірген және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, колледждер мен жоғары оқу орындарының 35 жастан аспаған түлектеріне арналған. Бұл жастарға кәсібі бойынша бастапқы тәжірибе алу үшін атқаратын жұмысы болмақ. Жұмыс ұзақтығы 12 айдан аспайды, жалақы 30 айлық есептік көрсеткіштен кем емес. Ұрпақтар келісімшарты – 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 35 жастан аспаған оқу орындарының түлектеріне арналған жұмыс орны. Ол зейнеткерлік демалыс алдындағы жастағы жұмыс істейтін қызметкерлерден жинақталған тәжірибені беру үшін құрылады. Жұмысқа қойылатын талаптарды жұмыс беруші белгілейді. Жұмыс ұзақтығы 6 айдан аспайды, жалақыны мемлекет 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлейді. Жобаға қатысу аяқталғаннан кейін жұмыссызға тұрақты жұмыс орны беріледі не ол зейнеткерлік жасқа толған қызметкерді алмастырады. Жалақы мөлшерін жұмыс беруші айқындайды. Күміс жас бойынша жұмыс орны зейнеткерлік жасқа толмаған, 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құрылады. Күміс жасқа қатысу ұзақтығы 36 айдан аспайды. Аяқтағаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлікке шыққанға дейінгі зейнеткерлік жастағы адамдар үшін, сондай-ақ кемінде 1 жыл мерзімге зейнеткерлік жасқа толмаған адамдар үшін тұрақты жұмыс ұсынады. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді, бұл ретте мемлекет 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтындай, алғашқы 12 айда жалақының 70 пайызын, 13 айдан 24 айға дейін жалақының 65 пайызын, 25 айдан 36 айға дейін жалақының 60 пайызын төлейді. Мемлекеттік қызметтерді алу кезеңдеріндегі гранттар бөлімінен жұмыссыздарға берілетін гранттарға ие болу жолдары көрсетілген. Тіркелген азамат грант алу құқығын автоматты түрде тексергеннен кейін, өтінімді толтырады. Бизнес-жоспарды жаңартады немесе өтінімге тіркеледі және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды. Грант алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия алдында бизнес-жоспарын қорғайды. Оған грант беру туралы оң шешім қабылданғаннан кейін банктік шот нөмірін енгізеді. Еңбек мобильділігі орталығымен грант беру туралы шарт жасасып, электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланады. Содан соң грант қаражатын банк шотына алады. Гранттың мақсатты пайдаланылуы туралы есепті уақтылы ұсынып отыруы керек. Жұмыс іздеушілердің назарына ұсынылатын тағы бір бөлім – қоныс аудару бағдарламасы бойынша қолдау алу. Бұл бөлім арқылы азаматтар жұмыс тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жою мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қатысушыларды ерікті түрде көшіру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады, біріншісі – өңіраралық қоныс аудару. Яғни, жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін облыстарға жұмысқа орналастыруға немесе кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу бойынша міндеттемелермен жүзеге асырылады. Келесісі – облыс ішінде қоныс аудару. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу мүмкіндігі болған кезде экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден облыстық немесе аудандық маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу орталықтарына орналастырумен жүзеге асырылады. Тіркелуші картадан өзін қызықтыратын аймағын таңдайды. Enbek.kz-ке тіркелуші мамандықтар атласымен нарық туралы да мәліметтерді біле алады. Мұнда мамандықтар мен дағдылар нарығындағы соңғы трендтермен танысады. Бұл жерде «Қазақстан Республикасындағы жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы», «Мүгедектігі бар адамдар үшін ұсынылатын кәсіптер мен кәсіптердің атласы» бөлімдері берілген. Тіркелуші азамат осы екеуінен өзіне қажеттісіне кіріп, таңдайды. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласынан» саланы, трендті және дағдыны таңдап, керегін табады. Ал, «Мүгедек адамдар үшін ұсынылатын мамандықтар атласы» мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру процесінде көмек көрсету құралы болып табылады. Бұл атлас халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері, мүгедектігі бар адамдардың ресми өкілдері, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың кең аудиториясына арналған. Атлас халықаралық және қазақстандық нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және әдістемелік құжаттарды, сондай-ақ мүгедек адамдардың еңбек және кәсіптік қызметі саласындағы қазақстандық және шетелдік тәжірибені талдау және сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша әзірленген. Бұл жерде басқа кәсіптер мен лауазымдарда мүгедек адамдарды ұтымды жұмысқа орналастыруды шектемейді, ол ұсынымдық сипатқа ие. Бұл бөлімде ұсынылған кәсіптерді көрсету үшін мүгедектік тобын және функцияның бұзылу түрін таңдау керек. Ал енді мүмкіндіктердің цифрлық жүйесіндегі жұмыс берушілерге ұсынылған бағытқа келсек, мұнда үш бөлім көрсетілген. Жұмысшы табуға арналған бөлімде жұмыс беруші бос жұмыс орындарын орналастырып, ондағы түйіндемелерді қарай алады. Біз кіріп көрген күні ол жерде еліміздің барлық облыстарынан 198212 түйіндеме бар екен. Уақытша жұмыс орындарын құруға арналған бөлімде мемлекет тарапынан қызметкердің еңбегіне толық немесе ішінара төлейтін мүмкіндіктер туралы жазылған. Субсидияланатын жұмыс орындары жөнінде мәлімет беріледі. Онда жұмыс берушілер кәсіпорында субсидияланатын жұмыс орындарын ашып, Мансап орталығында тіркелген жұмыссыздарды қабылдай алатыны айтылған. Жұмыспен қамтылған жұмыссыздардың еңбекақысы толығымен немесе ішінара мемлекет тарапынан Мансап орталығы арқылы төленеді. Мұндағы жұмыс берушілерге 1 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын болуы және салық немесе басқа да төлемдер бойынша қарызы жоқ болуы міндеттеледі. Сонымен қатар, осы жерде жұмыс берушілердің назарына субсидияланатын жұмыс орындарының бірнеше түрлері ұсынылған. Мәселен, абаттандырушы, шабарман, құжат жүргізуші және тағы да басқа қызметтерге жұмыс ұсынса, жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін еңбек мобильділігі орталығымен келісімшарт жасасады. Жалақысын 20 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес мөлшерде еңбек мобильділігі орталығы толығымен қамтиды. Осы секілді жұмыс орындарын ұсыну арқылы жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен келісім жасасып, одан соң мансап орталығынан немесе өз бетінше жұмыс іздеушіден келген жауап бойынша қызметкерді табады. Сол азаматпен еңбек шартын жасасып, жұмыс беруші ай сайын ақпарат беріп тұрады. Ал, жұмыскерлердің жалақысын Еңбек мобильділігі орталығы төлейді. Айта кетейік, бұл электронды еңбек биржасына кіріп, тіркеліп, өзіне жұмыс немесе қызметкер іздеген адамға қандай да бір техникалық қиындықтар кездессе, қолдау қызметіне хабарласуға болатын тетік те қарастырылған. Ол байланыс түріне хабарлама жазып, нендей ақаулық шыққанын мәлімдесе, мәселесін шешіп, сапалы электронды қызмет ала алады. – Еңбек мобильді орталығының цифрландырылған жүйесінен әрбір азамат кез келген жерде жүріп, өзіне қажетті жұмысын немесе жұмысшысын іздеп табуына барлық жағдай жасалған. Егер ондай мүмкіндігі болмаса немесе электронды жүйені өз бетінше жүргізуге сенімсіз болса, өзінің тұрғылықты жеріндегі қалалық немесе аудандық Мансап орталығына баруына болады. Барлық Мансап орталықтарында азаматтардың өзіне-өзі қызмет көсрету бөлімдері де орналастырылған. Ол жерде біздің қызметкерлеріміз келушілерді қарсы алып, қандай қызмет керегін сұрайды. Азаматтың өзіне керекті қызметті электронды түрде алуына көмектеседі. Келушілер көп болған жағдайда электронды түрде кезек алып, күту залында тосады. Әркімнің келген кезегін электронды бағана көрсетіп тұрады. Мансап орталықтарындағы кіреберісте келушілердің назарына өзіне-өзі қалай электронды қызмет ала алатын жолдары жазбаша берілген, – дейді облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Серік Айдарұлы. Айта кетейік, қолданушы «Электрондық еңбек биржасы» порталына тіркелген кезде көрсетілген идентификаторы (логин) және құпия сөзі қорғалған деректер қорында сақталады. Порталда тіркелу – авторластыру жөнінде қандай да бір мәселелер немесе сұрақтар шықса, кері байланыс тетігін басып, сол арқылы техникалық-қолдау кызметіне жүгініп, көмек алуына мүмкіндік қамтылған. Порталда орналасқан бос орын туралы барлық хабарлама жұмысқа орналасудың онлайн алаңдарында және портал серіктестерінің бұқаралық ақпарат құралдарында (газеттерінде) орналастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, алаяқтардан сақтану үшін порталдың қауіпсіздік саясаты бөлімінде белгісіз адамдар электронды еңбек биржасына орналасқан бос жұмыс орындарына ізденушілерден жұмысқа орналастырамыз деп ақша талап еткен оқиғалар да орын алғанын жазған. Портал өкілдері ешқашан да мемлекеттің тұрғындарынан ақы, пластикалық картаның және басқадай құпия деректемелерді сұрамайтынын, мұндағы қызметтердің бәрі тегін екенін жазып, көрсеткен. «Сіздерге ескертеміз, қандай да кепілдік ескертілсе немесе басқадай төлем сұралса, ол дегеніміз, алаяқтардың сенгіш ізденушілерді алдауға ниеттенгенін білдіреді. Егерде сіз осындай жағдайға тап болсаңыз – ұйымының телефон нөмірін және мекенжайын, толық атауын, директордың аты-жөнін және де басқа ақпараттарды сұрап алып, осы ұйым туралы және ұсынылған бос жұмыс орны туралы өзіңіз анықтап көріңіз. Сақ болыңыз, алаяқтардан сақтаныңыз, өздеріңізді және ақшаларыңызды сақтаңыз!» деп ескертпе де жазылған.  

Қамар ҚАРАСАЕВА