Әлеумет

Адал қызмет –абыройлы міндет

Адал қызмет –абыройлы міндет

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінде «Тәлімгерлер кеңесі» өтті.

Аталған департамент ұйымдастырған жиынға кеңес мүшелерімен қатар, еңбек өтілі бір жылға толмаған, жаңадан қызметіне кіріскен ауылдық округ әкімдері қатысты. Айта кетсек, «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының қызметі жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары тағайындалған сәттен бастап алғашқы уақыттарда мемлекеттік органның отырысына шақырылады. Кеңес мүшелері бейіндік саланы дамытуға қатысты өз көзқарастарымен бөліседі, сондай-ақ, өткен жылдардағы тәжірибе негізінде жұмыстың тиімді нысандары мен әдістеріне қатысты ұсынымдар береді. Кеңестің мақсаты – мемлекеттік қызмет саласында, мемлекеттік басқаруда мол тәжірибеге ие зейнеткер мамандар мен мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік органдар арасында оңтайлы өзара қарым-қатынас тепе-теңдігін қалыптастыру, мемлекеттік басқару процестерді одан әрі дамыта, бірлесе жұмыс жүргізу. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда Әділетті Қазақстан қалыптастыру бойынша берген тапсырмаларын кеңінен сөз етті. Мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен адалдығы тұрғысында айтылған жиында тәжірибелі мамандар ауыл әкімдерімен кеңестерін бөлісті. Сондай-ақ, тоқсанына бір рет өткізілетін кеңес қоғамдық келісімді нығайту, мемлекеттік басқару саласында тың идеяларды топтастыру, жергілікті мемлекеттік орган басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмектер көрсету, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты кеңейту және нығайтуға бағытталды. Мемлекеттік органдардың қызметіне консультативтік, әдістемелік, ұйымдастыру-тәжірибелік, ақпараттық қолдау көрсету, әлеуметтік мәселелерді шешуге, бейіндік саланы дамытуға қатысты көзқарастармен бөлісуге, тәжірибе негізінде жұмыстың тиімді нысандары мен әдістеріне қатысты бағыт жасау мәселелері талқыланды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ