Алты жасар Аида
Алты жасар Аида
Әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді
Жамбыл атындағы №5 гимназияның бірінші сынып оқушысы Аида Айдарбекқызы жыл жабылар тұста Бразилияның Жуис-ди-Фора қаласында өткен мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Әлемнің жиырма елінен бес жүзге жуық балғын шахматшылар бақ сынаған додада алты жасар Аида өзінің тактикалық әдемі жүрістерінің арқасында талайлардан оқ бойы озық болды. Нұргүл Нұғмадинқызы баптайтын шынашақтай қазақ қызы шахматпен төрт жастан бастап шұғылданады екен. Ол әлем біріншілігіне дейін де Ташкент пен Мәскеу қалаларында өткен бәсі биік додаларда талайларды тасада қалдырып, жүлдегерлердің қатарынан көрініпті. Қаршадай қыз өзінің тапқырлығымен, алғырлығымен дараланатынын бапкерлері де айтып қалды. Әр жүрісін жеті рет өлшеп, бір рет кесіп барып жасайтын Аиданың болашағынан үлкен үміт күтуге болады деседі олар. Иә, алты жасында әлемді мойындатқан Аиданың алар асуы биік боларына біз де сенеміз. Сол себепті де ол жылдың жас үміті.
«Ақ жол-Ақпарат».