Шетелдік ғалым жастарға дәріс оқиды
Шетелдік ғалым жастарға дәріс оқиды
Ол Австралияның Мельбурн университетінде білім беру саласының магистр және PhD дәрежесін алған. Профессор Исламдық білім беру және көпмәдениетті білім беру саласында WoS және Scopus-та индекстелген мақалалардың авторы. Доктор Райхани М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дәріс бере бастағанына көп болған жоқ. Десе де, ғалымның лекциясына қатысып, ғылыми бағытымен танысқысы келетін студенттер қатары қалың. Индонезиялық ғалым бір ай бойы студенттерге дәріс оқып, семинар, шеберлік сағатын өткізбекші. Магистранттар мен докторанттарға кеңес береді, оқытушылардың жазған еңбектеріне рецензия жазады, университетіміздің оқытушыларымен бірлескен мақалалар жариялайды деп жоспарлануда. Ғалым көпмәдениеттілік, білім, дін бағыты бойынша зерттеу жүргізеді. Еліміздегі дін мәселесі төңірегінде ахуалды зерттеп, діни білім алу саласына үңілуді көздейді. Университет ғалымдарымен осы бағытта бірлесіп жұмыс істемек. Дулати университеті мен Султан Сариф Касим университеті өзара коллаборация негізінде ортақ жобаны іске асыруды көздеп отыр. Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Болатбекқызымен бірлесіп көптілділік бағыты бойынша жоба жұмысын қолға алуды жоспарлауда. Мәселен, елімізде қазақ, орыс, өзбек және аралас білім беретін мектептер бар. Өзге ұлт балалары көбіне қай тілді таңдайды? Пайыз көрсеткіші қандай? Ол мектептерде тіл мәселесі қаншалықты күрделі? Міне, осы сұрақтарға жауап беру үшін жоба аясында жан-жақты зерттеу жұмысын ұйымдастырмақ. Ал, түпкі мақсат – қазақ тілінің кең қолданысқа түсе алмауының себеп-салдарын анықтау.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.