Еңбекпен есейген әулет

Еңбекпен есейген әулет
Кейіннен қызметті өткізген соң, ол бір табын өгіз бағыпты. Екі жасар әр өгіздің орташа салмағы 454 килограмнан айналған. Кеңшардың ет өткізу жоспарының орындалуына ықпал етуі – кеңшардың экономикалық дамуына қосқан үлесі. Кезінде керісінше өз еркімен қарапайым малшылыққа баруы талайларды таңдандырған. Бұл Назымхан ақсақалдың еңбексүйгіштігін көрсетсе керек. Ақсақал 50 жасынан бастап, 75 жасына дейін Биназар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған. Назымхан ақсақал Мойынқұм ауданын Нілзия Рахышева, Қапан Рахманбердиев басқарып тұрғанда сол азаматтармен бірге жақсы жұмыстар атқарғанын айтты. Әр жылдары кеңшарда Берікбол Жапаров, Орынбай Әбілқасымов секілді басшылармен бірге қызмет етті. Ал, 1991 жылы экономикалық жүйе ауысқалы жатқанда, жұрт қандай өзгеріс боларын түсіне алмай дағдарған уақытта алғаш шаруа қожалығын құруға тәуекел етіп, «Айгүл» шаруа қожалығын құрған да Назымхан Тайлақбаев болды. Сол шаруа қожалық әлі де жұмыс істеп келеді. Қожалықта 600 бас уақ мал, 30 сиыр өсірілуде. Қамбар ата тұқымы жылқыдан да қол үзген жоқ. 16 гектар суармалы жерлері бар. Назымхан ақсақалдың бұл да ауыл экономикасының артуына қосқан үлесі екені анық. Қазір шаруа қожалық ашып жатқандар аз емес әрине. Ал, кеңестік жүйенің пәрмені толық бітпей тұрғанда тәуекел жасап, қожалық ашу – нағыз мықтының қолынан келетін іс. «Қарағым, Күләйхан апаң екеуміз 8 ұл-қызды жеткіземіз деп еңбектің барлық түріне шыдадық. 6 баламызды жоғары оқу орындарында оқыттық. Балалардың жүріп-тұрғанына, киіміне қаражат болсын деп тары да, жүгері де ектік. Жаман болғанымыз жоқ, осы балаларды жетілдірдік», – деді Назымхан ақсақал. Ал, «Алтын алқа» иесі Күләйхан Нақыпбекова 28 жыл мектепте тарих пәнінен сабақ беріпті, балабақша меңгерушісі де болған. Қазіргі таңда апайдың 8 ұл-қызынан тараған немере-шөберелер бір балабақшаға айналып отыр. Кезінде балаларын қатардан қалдырмау жолында қиындыққа мойымаған Тайлақбаевтар әулеті қазір сол ұл-қыздардан қызық көріп отыр. Мәселен, Асылхан Тараз теміржол бөлімшесінде басшылық қызметте болса, Махамбет Хантау теміржолында шебер болып еңбек етеді. Ал, Нариман білікті дәрігер болса, қолындағы ұлы Әділхан кәсіпкер. Айсұлу, Айгүл, Айнұр, Тоғжан қыздары да жақсы қызметтерде. Айтпақшы, бұл әулеттің келіндері де қоғамның дамуына үлес қосып келеді. Бір келіні Ботагөз Тәжмаханбетова аталған ауылдағы балабақшаның меңгерушісі болса, оның абысыны Әсия сол мектепке дейінгі мекемеде аспазшы. Осы екі келін бір шаңырақта тату-тәтті тұрады. Екі келінді бір аулада ұстай білген Күләйхан әжеміздің де отбасы институтында тәжірибесі мол екенін байқауға болады. Ауылдың экономикасын көтеруде Назымхан Тайлақбаев ақсақалдың қосқан үлесі қомақты.
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы