Әдебиет

Өлеңде де,өмірде де шынайы ақын

Өлеңде де,өмірде де шынайы ақын

Жазу өнері – адамзат мәдениетінің баға жетпес құндылығы десек, поэзия падишасы Фариза: «... Жыр жазу деген азап – от Әйел боп туған болмысқа – » деп әйел затының аса сезімталдығын, болмысының ақын екендігін жырлайды. Әйел поэзиясы аналық мейірім мен махаббаттан тұратынын өз тағдыры мен шығармалары арқылы дәлелдеп кеткен Ұлы ақын! Поэзия әлемінде өзінің қолтаңбасымен танылып, замана үнін, ұлтының мүддесін өлең жолдарымен өрнектеп келе жатқан қазақ қыз-келіншектері қазір көптеп саналады. Киелі өнер иесі атану – Алланың сыйы. Өзінің хәл-қадірінше Отанын, Тәуелсіз елін талмай жырлап келе жатқан, «талабын тасқа жаныған» Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын Шырын Мамасерікова әпкесі Фаризамен, апалары: Марфуғамен, Рзамен, замандастары: Ақұштап, Қанипалармен және де өз жерлесіміз, мақтанышымыз Күләштармен қатарласып, тізгін қағыстырып келе жатқан әріптесі. Өзін ылғи қамшылап отыратын, толассыз еңбектенетін, нұрлы Күніміз бен арайлы Айымызды, тұғырлы Тәуелсіздігімізді шығармаларына арқау ететін ақын Шырын да бүгін 70 деген биіктің басына көтеріліп қалыпты. «Мақсат – алыс, өмір – шақ» деп дана Абай айтқандай, өрнегі ерекше жыр жазу қамшының сабындай қысқа ғұмырда сирек болады. Шырын үшін Абай, Жамбыл, Кенен, шығармалары, халық ауыз әдебиеті, эпостық жырлар ұлы бастау болса, Тұманбай, Қадыр, Ғафу жырлары ақындық мектептің жалғасы болды. Қай көркем шығарма да дүниеге оңай келмейтіні хақ. Ерінбей еңбектеніп, халқының арман, үмітін, қоғам мүддесін айтып қалуға тырысу – қолына қалам ұстаған барлық қаламгерлердің негізгі мақсаты, міндеті. Қанға сана арқылы жететін құдіретті күш – Рух болса, сол ұлттық рухты жігерлендіріп, тірілтіп, күшейтіп отыратын жандар – шығармашылық адамдары. Ақын Шырын Мамасерікова да жырларымен ішкі сезімді қозғайды, адами іс-әрекетке әсер етеді. Ұлттық, Отандық сананы дәріптейді, ұлттық намыс, ұлттық идея, ұлттық бірлік, елдікті жоғары қояды. Жыр мөлдірлікті, тазалықты сүйеді. Оны кір шалмауы үшін жүректе сүйіспеншілік, мейірім қасиеттері болуы керек. Шыншылдық, адалдық ішкі есепсіздік қашанда ақынға тән қасиеттер. Сол ұлы сезімдер иесінің бірі ақын Шырын деп білемін. Шырын – ана, жар, әже, апа, қарындас. Ол әділетсіздік пен қиянатқа шыдамайды, сәбидей шыншыл. Сонысымен көптің көңілін табады әрі өзінің ішкі дүниесі де шер-шеменнен тазарып қалады. Оның жырлары жастарды белсенді өмір сүруге үйретеді, дем береді. Шынайылығымен, қарапайымдылығымен оқырманын баурап алады. Мысалы: «... Туған жерді құлпыртып гүл етіңдер, Табан тіреп төскейін түлетіңдер Асықпаңдар мәңгілік тыныштыққа, Қозғалысты қызықтап, жыр етіңдер» дейді. Ақынның айтары нақты. Аз сөзбен көп мағына береді. Ол «көненің көзін көрген, асылдың сөзін терген» жан. Сондықтан да халық мақал-мәтелдерін, шешендік, қанатты сөздерін, тұрақты сөз тіркестерін жырларында ұтымды пайдалана біледі. Мысалы: «... Жау жағадан, бөрі етектен алғандай, Арқасына азап жүгін салғандай Үрейленіп, ұлығанда күншілдік, Үздік өлең өрге шапты тарландай». Шырын жазба ақын ғана емес, айтыскер де ақын. Ақындар – көптің көңіл барометрі. Олар қаны тамшылаған замана шындығын жырына арқау етеді. Ішіндегі қыжылын ақыны айтса, көп риза болып, шын рахаттанып қалмай ма? Ақиқат айтылмаса, қоғам келеңсіздіктерден арыла ма? Өзге айтыскерлер секілді Шырын да талай жыл айтыстың туын көкке көтерісіп жүрді. Ол шенді-шекпенділердің алдында бүгежіктемей, ойын жинақтап ашық айтатын ақын. Кез-келген пенде секілді Шырын ақынның өмірінің мұң-қайғысы, қуаныш-қызығы қатар жүріп жатты. Бірақ Шырын мүжілген жоқ, бойын тік ұстады, өзіндік адамгершілікті, ар-ұятты, намысты бірінші орынға қойды. Мысалы: «Бәрі бірдей бәйге алмас шапқанның, Аяз емес әрбір күні ақпанның. Жығылса да, сүрінсе де өмірде Арман бар ма орнын дұрыс тапқанның», деп оқырманын да, өзін де жігерлендіріп, қайраттандырып отырады. Білімді де білікті жан Шырынның жылдар жылжыған сайын саяси сауаты да өсіп отыр. Шығармаларының негізгі кейіпкерлері қарапайым еңбек адамдары, қоғам қайраткерлері, үндемей-ақ жүріп үлкен іс бітіретін халық өкілдері. Ол ақын ғана емес, қаламы қарымды жазушы да. Ол бірнеше эссе-естеліктердің, мақалалар мен сұхбаттардың және аса көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов жайлы «Жеңешемнің әңгімесі» атты тарихи-хикаяның авторы. Бұл еңбектер ақын Шырын дарынының жаңа қырын танытады. Шырын Мамасерікова ұстаздық ете жүріп, жиырма жылдай Меркі мұражайының директоры болды. Меркінің атақты адамдарының өмірі жайлы көптеген зерттеулер жазып, жәдігерлер жинады. Москва, Санкт-Петербург, Ташкент архивтерінен Тұрар Рысқұлов, Сыпатай, Ақкөз, Жауғаш батырлар жайлы құнды деректер тауып, мұражай экспонаттарын байытты, зерттеу жүргізді, кітаптар жазды. Шырынның Қ.Сармолдаев, М. Жылысбаев, А. Асқаровтар сияқты қоғам және мемлекет қайраткерлері туралы шығармалары бар. Ақынның өзін де қоғам қайраткері десе болады. Ол Меркі аудандық Кеңесіне 2 рет, аудандық мәслихатқа 1 рет депутат болып сайланса, Қазақстан Жоғарғы сотына жиырма жылдай халық өкілі (заседатель) болған. Ойы орнықты, жоққа жүдемейтін, барын базарлайтын, қанағатшыл, тәубашыл ақын Шырынға, сіңліме, сыралғы досыма, аяулы азамат ақынға айтарым жырларың көбейе берсін, қанатың талмасын, халқыңның көңілінен шыға бер, қолыңнан қаламың түспесін, ұзақ жасағын дей отырып, төмендегі жыр жолдарын арнаймын: «... Өлеңмен өріп өмірді Жүресің ылғи көңілді. Емдейсің жырмен жүректі Іздемей және жеңілді

Маржандай ашық үніңнен Көктемнің нұры төгілген. Жек көрсең, жақсы көрсең де, Шықсам демейсің көңілден.

Жетесің Шырын аңқылдап, Сөйлейсің даусың саңқылдап. Өнерде есе жібермей, Биіктен көрін жарқылдап.

Босатып ойдың көбесін, Сөзден лағыл тересің. Кемелденіп келесің Байқатып шабыт өресін.

Мінезің қайсар ақынсың, Сондықтан жұртқа жақынсың Нәзіктеу жаның болғанмен, Мықты ғой рухың, батылсың.

Айшықталып таң жырың Гүлдене берсін тау, қырың. Бұлбұлды бақша секілді Ажарлансыншы тағдырың.

Айша Көпжасарова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

Меркі ауданы.