Жаңалықтар

Жаңғыруға бастайтын қадам

Жаңғыруға бастайтын қадам

Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды.

Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланылып, ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды. Жолдауда елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігі баса айтылды. Ал, ол үшін ең алдымен, тағы сол IT саласына басымдық беріледі. Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталған. Оған мысал – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат рәсімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Бұл істер алдағы уақытта одан әрі жетілдіріле түседі. «Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту, инновациялық экожүйені құру. Мәселен, экономика саласын цифрландыру бағытында тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ, электр энергетикасы, көлік және логистика салаларына жеке-жеке тоқталған. Болашақта тау-кен өнеркәсібінде кеншілердің кейбір жұмысын автоматтар орындайтын болады. Сол сияқты мұнай саласында барлау, өндіру шығындарын азайту үшін деректерді жаңа құралдар жылдам өңдеп отырады. «Цифрлық Жібек жолы» бағыты елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етуге негізделеді. Сондай-ақ, көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция секілді бағыттарды қамтымақ. Сонымен қатар, жоба аясында өнеркәсіп пен электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік органдардың ішкі қызметтері цифрландырылады. «Ақылды қалалар» қалыптасып, білім берудегі және жалпы халықтың цифрлық сауаттылығы артады. Қаржы үнемдейтін көше шамдары, көліктің жылдамдығын бақылауда ұстайтын жолдар мен бейнебақылаулар, көшелердегі тегін интернет желісі сынды артықшылықтар ақылды қаланың жетістігі болмақ. Ал, денсаулық сақтау саласының цифрландырылуы бұл саладағы қателіктер санының азаюына, қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығының артуына, сонымен қатар, әрбір адамның денсаулығы туралы толыққанды ақпараттық жүйенің құрылуына ықпал етеді. Мәселен, қазіргі таңда SMS арқылы баланың жөргекпұлын алуға, балабақшаға тіркеуге, тіпті баланың туу туралы куәлігін шығартуға болады. Жалпы, жаңа технологиялардың пайда болуы қызметтің жоғары сапалы, әрі тез көрсетілуіне мүмкіндік береді. Осы мақсатта халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар бастамалар жүзеге асырылып келеді. Мектептерге «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні енгізіліп, осы салада білім гранттары көбейтілген. Жамбыл облысы халқының 60 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан, өңірде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталықтары мен ауылдық округтерде цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда. Қазіргі таңда облыстың мемлекеттік кітапханаларында коворкинг орталықтары мен цифрландырылған ақпараттық орталықтары ашылды. Атап айтар болсақ, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Бродкастинг» залы, «Коворкинг» орталықтары, Жуалы аудандық орталық кітапхана, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық кітапханасы, Меркі аудандық орталық кітапхана, Талас аудандық орталық кітапхана және Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханада оқырмандарға қызмет етуде. Сондай-ақ, 23 цифрландырылған ақпараттық орталықтар бар. Қазақстанды цифрландырудың түпкі мақсаты – ортамерзімді дамуда цифрлық технологияларды пайдалану есебінен республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Мұнымен қоса, ел ішіндегі өндірісті жаһандық жаңғырту және цифрландыру шеңберінде тоғыстыру керек. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дамыған әлем елдерінің көшіне ілесіп, ақпараттық саланың тың жетістігін пайдаланатын болады.  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ