Жаңалықтар

Қаржыгерлерге құрмет көрсетілді

Қаржыгерлерге құрмет көрсетілді

Осыдан 30 жыл бұрын 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізіліп, мемлекетіміздің экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болған еді. Теңге – дербес ел болғанымыздың белгісі. Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Экономикалық дербестіктің кепілі болған теңге өзінің тарихи функциясын толығымен орындап, әлі де құндылығын дәлелдеп келеді. Ал, теңгеміздің орнықты болуы, сонымен қатар қаржы саласының тұрақтылығы тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсері анық.

Осы атаулы күні өңіріміздің қаржыгерлері де кәсіби мерекелерін атап өтті. Қаржы саласының қызметкерлеріне арналған мерекелік салтанатта бірқатар қаржыгерлер марапатқа ие болды. – Бүгінде қаржы саласының ахуалы жақсарып, бюджет көлемі жылдан жылға ұлғайып, әлеуметтік-экономикалық саланы жақсартуға мол мүмкіншілік қалыптасты. Тараз қаласына келетін болсақ, бюджет көлемі жылдан жылға артуда. Мысалы, 2020 жылы қала бюджетінің өзіндік кірістері 12 миллиард теңге болса, бүгінде 26 миллиард теңгеге жетіп, 2 есе өсіп отыр. Нәтижесінде, көптеген әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік пайда болды. Қаланың инженерлік инфрақұрылымдары жаңартылып, көптеген көшелер жөндеуден өтті. Сондай-ақ, биыл екінші деңгейлі банктер тарапынан 4,4 миллиард теңгеге кәсіпкерлерге несие беріліп, өңірдің дамуына зор ықпалын тигізуде. Облыс орталығы кеңейіп, инфраструктурасы дамып, жаңа шағынаудандар, массивтер бой көтеруде. Орта есеппен айтсақ, бес-алты жылда бір шағынаудан қолданысқа беріліп отыр. 2005 жылы басталған «Астана» шағынауданы 2010 жылы толық абаттандыруымен аяқталса, 2011 жылы басталған «Бәйтерек» шағынауданы 2016 жылы аяқталып, қаламыздың шырайын келтірді. Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта тұрғын үйлер құрылысының іргетасы 2017 жылы қаланып, бүгінгі таңда жүзге жуық көпқабатты тұрғын үйлер халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Болашақта бас жоспарға сәйкес, бірнеше әлеуметтік нысан салынып, 15-шағынаудан толыққанды қаламыздың келбетін көркейтеді. Ұлттық валютаға байланысты Әулиеата жерінде орын алған тарихи дерек бар. Ол – тұңғыш ұлттық валюта Жамбыл облыстық Ұлттық банкімен қабылданып, осы жерден 1993 жылдың 15 қарашасында республиканың барлық аймақтарына таратылғаны. Осыған байланысты, Ұлттық банктің облыстағы филиалының ұйытқысымен қаладағы барлық екінші деңгейлі банк филиалдарының ұжымдары бірлесіп, қаланың орталығында тұңғыш валютаның жиырма жылдығына арналған стела орнатты. Бұл күні ол қаржыгерлердің демеушілігімен салынған скверінде орналасып, қаланың архитектуралық және эстетикалық сәніне жарасып, халық сүйсіне қарайтын жеріне айналып отыр. 15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні, Қазақстан Республикасының қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Сондықтан, барша қаржы саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді аталған мерекемен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілеймін! – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил. Кәсіби мерекеде облысымыздың қаржыгерлеріне құрмет көрсетіліп, еңбекте қажырлылық танытып жүрген бірқатар қызметкерлер Тараз қаласы әкімінің және мәслихатының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиын мереке иелеріне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.  

Қамар ҚАРАСАЕВА