Ел ертеңіне елеулі үлес
Ел ертеңіне елеулі үлес
«Жайлы мектеп» жобасы ел ертеңінің еңселі болуына елеулі болуына зор ықпалы бар, ерекше жоба екені айдан анық. Салынатын мектептердің басты ерекшелігі бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Өз алдына жеке дара блокта оқыған соң, баланың зейіні де тереңдейді, көңілі де алаңсыз болатыны сөзсіз. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар қамтамасыз етіледі. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch- экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдайлар жасалмақ. Қай жағынан алсаң да, бұл жанға жайлы, білім жөнінен жан- жақты қамтылған, олқылықтардың орнын толық толтыруға бағытталған маңызды бастама. Қазіргі таңда біраз мектептерде таңғы сағат 08:00-ден кешке дейін дене шынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Міне, осы мәселе бір жақты шешілмек. Себебі, жоба аясында бірнеше спорт залдар ашылмақ. Және де айта кетерлігі бұл жоба арқылы балаларға ғана емес, мұғалімдерге де жағдай жасалмақ. Сондықтан, ұлттық жобаға артылған жауапкершілік жүгі де салмақты, қуаты өте жоғары. Арнайы мамандардың айтуынша «Жайлы мектеп» директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін тиісті тәртіппен қабылданбақшы. Олар тиісті оқудан өтеді. Берілетін білім сапасын бақылауға қатысты да тиісті орындардан үлкен жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ, мектепішілік бақылау да жүргізіледі. Үнемі зерттеліп, зерделеніп отырған соң, білім сапасы да жақсара түспек. Бір ерекшелігі – оқушыға тек мұғалім қойған бағамен ғана емес, сыртқы бағалау арқылы да білім сапасы анықталмақшы. Жайлы мектептердің құрылысын жүргізудегі тағы бір ерекшелік – құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба бойынша салынатын мектептер қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етері анық. Яғни, бұл мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша көңіл бөлінетін болады. Атап айтсақ, мектептерде балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді жабдықтау үшін жиһаздар мен құрал-жабдықтарға қажетті барлық техникалық шарттарды анықтаған. ҚР Үкіметі қабылдаған өзгерістерді сапалы іске асыру үшін елішілік құндылық үлесінің көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек, қоғамдық мониторинг жүргізу үшін ақпараттық жүйе әзірленуде. Осылайша, әрбір тұрғын мектеп құрылысының барысын қоғамдық дашборд, яғни аналитика арқылы бақылауға мүмкіндік алады. Осы мақсатта қазір әрбір объектіде бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ