Жаңалықтар

Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтеді

Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтеді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың 22 қазаны күні  Астана қаласының активімен өткізген кездесуде 2015  жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өту туралы айтқан болатын. «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды. Қазақтың мемлекеттігінің тамыры сол уақыттан бастау алады. 

– Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы айтуға да болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн, – деді Мемлекет басшысы. Еліміздің тарихымен сабақтас бұл айтулы мерейтой жайлы хабарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер бірінен соң бірі сүйіншілеп жариялады. Жағымды жаңалықты халық та жылы қабылдады. Мәселен, «Сүйінші! 2015 жылы еліміз Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетін болады!» деп жазды белгілі блогер Өркен Кенжебек өзінің Facebook-тағы парақшасында. Сол секілді әнші, «Жігіттер» квартетінің мүшесі Бағлан Әбдірайымов та алда ұлы той келе жатқанын Instagram-дағы парақшасына сүйінші сұрай жазған. Алда Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ауқымды шаралар өткізу жоспарлануда. Келер жылдан бастап 20 сериядан тұратын тарихи сериал түсіру қолға алынбақ. Одан бөлек, Қазақ хандығының 550 жылдығы біздің өңірде тойланады деп күтілуде. Бұл жөніндегі ақжолтай хабарды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев зиялы қауым өкілдерімен өткізілген дәстүрлі кездесуінде қуанышпен жеткізді. – Айтулы мерекені қайда тойлау керектігі әр жерде әңгіме болды. Дегенмен, Астанада осы бір маңызды мәселеге қатысты болған басқосуда мен бұл шараны Жамбыл өңірінде, Тараз қаласында өткізу керектігін ұсындым. Хат та жолданды. Нақты шешім қандай болады екен деп, әрі-сәрі күй кешіп отырғанымызда ақжолтай хабар да келіп жетті. Иә, біздің өңірде өтетін болды,-деді сол басқосуда Кәрім Нәсбекұлы. Елдігіміздің өткені мен ертеңі үшін айрықша болып табылатын осы мерейлі мерейтойдың жалпақ жұртқа осы жылы сүйіншіленіп, келер жылы біздің өңірімізде тойланатын болып шешілуі біз үшін де үлкен мақтаныш!