Әлеумет

ТЖД хабарлайды

ТЖД хабарлайды

Орталықтың кеңес отырысы өтті

 9 қарашада Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Азамат Мәмбетовтің қатысуымен төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығы кеңесінің XIV отырысы өтті.

Кеңес отырысында орталықтың 2023 жылғы есебі қаралып, мақұлданды. Жиында азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ұйымдармен бірлескен жобаларды іске асыру барысы, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі климаттың өзгеруіне және төтенше жағдайларға бейімделуі туралы ақпарат ұсынылды. Өз кезегінде, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығына мүше мемлекеттердің шеңберін одан әрі кеңейтіп, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Республикалары төтенше ведомстволарының өкілдерін орталыққа толыққанды мүше ретінде қосылуға шақырды. Кеңес мүшелеріне жер сілкінісі кезінде ерте хабарлау жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ апаттар қаупін азайту, төтенше жағдайларға ден қоюға дайындықты күшейту саласындағы халықаралық бағдарламалар мен жобаларды іс жүзінде іске асыруда орталықтың әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану жөніндегі тараптардың күш-жігерін жандандыру ұсынылды.

 Профилактикалық іс-шаралар жалғасуда

Биылғы 15 тамыздан бастап облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өңдірістік филиалының өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп облыс аумағында профилактикалық іс- шаралар жүргізуде.

Осы кезеңде 71 мыңнан астам адамды қамтитын 32 мыңнан аса тұрғын үйді аралау шаралары жүргізілді. Мамандар рейдтер барысында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне 3813 улы газ датчигін орнатқанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, азаматтармен жиындар ұйымдастырылып, оларға тұрғындардың көптеп қамтылуы назарға алынды. Департамент бөлімшелерінің мамандары есепті кезеңде 285 оқу орнында 189 интерактивті сабақ өткізіп, оған 19 мыңдай адам қамтылды. Ұйым қызметкерлері 141 рет дәріс өткізіп, онда 4 мыңдай адам өзіне қажетті мағлұматтарды алды. Өткізілген іс-шаралар барысында 74 мыңнан аса жадынамалар мен парақшалар таратылды. Іс-шаралардың басты мақсаты – тұрмыстық төтенше жағдайлардың алдын алу, адамдардың қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу, азаматтардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауына қол жеткізу.

Оқу-жаттығу ұйымдастырылды

2023 жылға арналған оқу-жаттығулар мен жаттығулар өткізу жоспарына сәйкес, 7 қарашада Тараз қаласының теміржол вокзалында өрт-тактикалық және сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілді.

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, Тараз қаласының теміржол вокзалы ғимараттарының бірінде жер сілкінісі салдарынан өрт шыққан. Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчерлері шақырту орнына №2 жоғары шақырту бойынша өртке қарсы қызмет гарнизонының күштері мен құралдарын жіберді. Оқу-жаттығуға ТЖД Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасының, өрт сөндіру және авариялық- құтқару жұмыстары қызметінің, жедел-құтқару жасағының және апаттар медицинасы орталығының күштері мен құралдарының мамандары, атап айтқанда, жеке құрамнан 25 адам және 7 техника жұмылдырылды. Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін нысанның жауапты тұлғалары адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялаумен айналысқан. Көп ұзамай оқиға орнына өрт сөндірушілер де келді. Өрт шыққан жерде дереу отты сөндіру штабының жұмысы ұйымдастырылды, жалын ошағына сөндіру үшін 2 «Б» оқпаны берілді, газ-түтіннен қорғау қызметінің бір буыны құрылып, қауіпсіздік бекеттері қойылды. Шартты өрттің ауданы 40 шаршы метрді құрады. Бөлімшелердің алдына қойылған міндеттер сәтті орындалып, шартты өрт жойылды. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін оған қатысушылар орын алған кемшіліктерді жан-жақты саралап, оң нәтижелерді де атап өтті.

Балықшылармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Күзгі кезеңнің басталуымен «Теріс-Ащыбұлақ» су айдынында балық аулау әуесқойларының саны артып келеді. Бұл кезде судың температурасы тек 7-8 градусқа жетеді. Егер адам суық суға құласа, онда судан өз бетімен шығу оңай болмайды. Өйткені, суық су зардап шеккен адамның қозғалысын тежейді, ал дымқыл киім бірден су түбіне қарай тартады. Сондықтан, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ұмытпаған жөн.

Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері балықшылармен және тұрғындармен судағы жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша үгіт-профилактикалық жұмыстарды жандандыруда. Бұл жұмыс күн сайын, сондай-ақ демалыс және мереке күндері тұрақты жүргізілуде. Жақында «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында профилактикалық рейдтер мен акваторияларды аралау кезінде құтқарушылар балықшылармен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме әңгімелер жүргізді. Оларға жадынамалар мен буклеттер таратылып, қайықтарды және басқа да жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, жеке құтқару кеудешелерінің, төсбелгілердің, шеңберлердің және шөміштердің міндетті түрде болуы, сонымен қатар алкогольді ішімдікті тұтынуға жол бермеу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.  

 Жүрсінгүл ЖАҚЫП.