- Advertisement -

Шаруасы шалқыған Шархан

31

- Advertisement -

Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылындағы шаруалар да «Ауыл аманаты» жобасымен несие алып, малдың санын көбейтуге кірісіп кеткен. Солардың бірі – «Мұхан» шаруа қожалығының төрағасы Шархан Алтаев. Аталған шаруа қожалық 2008 жылы құрылғандықтан, мұнда жақсы жұмыстар бұрыннан жолға қойылған. Қожалықта төрт түлік мал бұрыннан бар. Ал, Шархан Задыханұлы 2019 жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 4 миллион теңге несиеге қолы жетіп, 9 жылқы сатып алған екен. Несиені 5 жыл мерзімге алғандықтан, қазіргі таңда несиенің жабылатын уақыты да жақындап қалды.

Қазір Шарханның қорасында 11 жылқы тұр. Одан бөлек, сиырлары мен уақ малдары бар. Лизингке 2019 жылы жаңа трактор сатып алып, игілігін көруде. Өзінің иелігіндегі 60 гектар алқаптан мол өнім алуға жыл сайын күш салады. Алдағы уақытта мал бордақылау ісімен кең көлемде айналысып, сапалы ет өндірісіне өз үлесін қосқысы келеді. Бұл шаруа қожалық төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның өзі мемлекетке жасалған жәрдем екені анық. Ал, Шархан тракторды кейде өзі жүргізіп, мал шаруашылығын дамытуға маңдай терін төгіп келеді. Заманның талабы да – бір кәсіппен шектелмей, бірнеше істі үйлестіре білу. Ол жағынан алғанда Алтаевтың айтарлықтай бейімділігі бар.

Шарханның сөзінен нағыз істің адамы екенін байқадық. Келіншегі Нәзира – мектепте мұғалім. Екеуі алтын асықтай, күміс қасықтай 4 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Перзенттерін де ізгілік пен адалдықтың жолына тәрбиелеуді мақсат тұтады. Қазіргі таңда балалары мектепте жақсы үлгеріммен оқып жүр. Сабақтан босаған кезде шаруа қожалықтың жұмысына бір сәт көмектесіп, қолғабыс береді. «Келіншегімнің маған жасаған көмегі несиемді уақтылы төлеп тұрғаны», – дейді ол әзілге де қара жаяу емес екенін аңғартып. Бұл жерде мұғалімдердің жалақысының жоғарылауы ауыл экономикасының артуына қаншалықты ықпал етіп отырғанын да аңғару қиын емес.

Шарханның алдағы жылдарда мал шаруашылығын дамыту бойынша жасап отырған жоспарлары көп.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Жуалы ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support