Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Астанаға ресми сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысты. Жиын алдында Ресей Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы екі ел басшыларына рапорт берген соң, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер «Ақорда» резиденциясының Мәрмәр залына барып, форумға онлайн-режимде қосылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған Форумның Қостанай облысында, яғни Қазақстанның нағыз астықты өлкесінде өткізілуінің символдық мәніне назар аударып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы осы екі мемлекетке тиесілі.

Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп және экспорт әлеуетінің толыққанды пайдаланылмауына көп жағдайда көлік-логистика саласындағы шектеулер әсер етеді деген пікір айтты. Мысалы, логистика және қойма жүйесінің тапшылығына байланысты Қазақстан мен Ресейде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жуықтайды.

Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, «білім – ғылым – өндіріс» үштаған жүйесі аясында ғылым саласын реформалауды бастады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысар еді. Бұдан бөлек, өзіміздің дақылдар тұқымын көбейту – тағы бір стратегиялық міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев картоп пен қант қызылшасы сияқты негізгі дақылдар бойынша Қазақстандағы отандық селекцияның үлесі 10 пайызға жетпейтінін атап өтіп, қалыптасқан жағдайды шұғыл реттеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді. Бұл ретте Президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, келешекте күшейе түсетін су ресурстарының тапшылығы Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі саналады. Отандық экономиканың негізгі салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған екі елдің күш-жігерін үйлестіру маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бірлескен нәтижелі жұмысқа атсалысқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге, Форумның ресейлік және қазақстандық қатысушыларына алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук сөз сөйледі.

Akorda.kz