ЕЛІМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ лего-кірпіш өндірісі
ЕЛІМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ лего-кірпіш өндірісі
Газетіміздің өткен айдағы сандарының бірінде ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Зумрад» корпорациясы, сондай-ақ «Design Services by A-Z» компаниясы ұйымдастырған «Бизнес-бастама» стартап-жобасының нәтижесі бойынша бизнесті жаңадан бастаған жамбылдық жас кәсіпкерлердің жобалары жүлдегерлер қатарына іліккенін жазып сүйіншілеген едік. Сол жерлестеріміздің бірі – Рустам Уватаев кеше Таразда өзінің бизнестегі төл туындысы – «Лего-кірпіш өндірісін» жүзеге асырған шағын зауытын іске қосты. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов, алматылық «Зумрад» корпорациясы өкілі, жоба инвесторы Иван Дворецкий қатысты. Елімізде тұңғыш рет ашылып отырған ерекше кірпіш зауытының тұсауын жоба авторының өзі, яғни жаңадан құрылған «КазМирСтрой» ЖШС директоры Рустам Уватаев кесті.
– Мен мұны барша жамбылдықтардың қуанышы ретінде бөліскім келеді. Себебі, менікіндей шағын лего-кірпіш зауыттары әлі елімізде жоқ. Сондықтан, оның Таразда ашылуы біз үшін ерекше жаңалық. Мен бұл жоба аясында қанша еңбектендім, қанша мазасыз күндер, ұйқысыз түндерді бастан кешірдім. Осы орайда өз ісін жаңадан бастаған отандық жас кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсететін «Бизнес -бастама» байқауын ұйымдастырғаны үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, маған үлкен сенім білдірген менің жобамның инвесторы Иван Дворецкий мырзаға да ерекше алғыс білдіремін. Енді маған тынбай еңбек ету керек. Біз алдағы уақытта тек Жамбыл облысын ғана емес, өзге өңірлерді де лего-кірпіштермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – дейді зауыт директоры, «КазМирСтрой» ЖШС директоры Рустам Уватаев.
Жасы әлі отызға жетпеген жас кәсіпкердің зауытында лего-кірпіштен бөлек, брусчаткалар, ағаш кірпіштер сынды өнімнің сегіз түрі шығарылатын болады. Кірпіштер бір-біріне лего принципі бойынша бекітіледі. Ол үшін бар болғаны кавель желімі пайдаланылады. Лего-кірпіш өндірісінің қоршаған ортаға да зияны жоқ. Себебі, қызыл кірпіш секілді күйдірілмейтін болғандықтан атмосфераға зиянды газдар мен қалдықтар шығарылмайды. Кірпіштер суық дәнекерлеу тәсілі арқылы және 40 тонналық қысыммен гипперпрестеу технологиясы бойынша жасалады. Бүгінгі таңда зауытқа қажетті құралдардың барлығы алынған, ол толық қуатында жұмыс істеген кезде айына 75 мың кірпіш шығаратын болады. Алдағы уақытта Р.Уватаев тағы да қосымша жабдықтардың көмегімен өндіріс көлемін айына 150 мыңға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өндіріс үдерісі толықтай автоматтандырылғандықтан зауытта әзірге 16 адам ғана жұмыс істеуде. Кірпіш балалардың үй құрастырып ойнайтын құрастырмаларына ұқсас, негізінен құрастырылмалы. Лего-кірпіш атануы да сондықтан. Тағы бір ерекшелігі оның сәндік қасиетінің жоғарылығында. Яғни, онымен үй қалап қана қоймай, қабырғаның сыртқы келбетін де әдемілей аласың. Қысқасы, сыртқы қабырғаны қосымша сылақпен сылап, әрлеп жатудың еш қажеті жоқ. Рас, әзірге ол кірпіштің құны 67 теңгеден айналып тұр. Дегенмен, оған кететін қосымша шығындар аз. Кірпіш арасы өзінің арнайы желімімен ғана ұстатылады. Шетелде мұндай кірпіш кең тарап үлгергенімен, біздің ел үшін инновациялық жаңалық. Тараздық Рустам сол жаңалыққа алғаш болып жол тапты. Әзірге жалғыз ғана қондырғымен өндірісті бастап отырған ол болашақта олардың санын үшеуге жеткізуді көздеп отыр. Оған инвестор Иван Дворецкий де қаржы бөлуге мүдделілік танытатынын жеткізді. Дегенмен, бұл жобаға құйылатын инвестицияның нақты көлемі мен табыстағы үлесін «коммерциялық құпия» деп, бізге ашып айтпады. Ең бастысы қанша қаржы керек болса, сонша бөлуге даяр екенін жеткізді. Ондағы мақсаттары – қаржылай да, моральдық та қолдау арқылы еліміздің нағыз креативті жас бизнесмендерін тәрбиелеп шығару. Салтанатты рәсім кезінде сәтін тауып, еліміздегі жас кәсіпкерлерді биліктің қатысуынсыз-ақ қолдауға кіріскен корпорация өкілімен тілдестік. Әңгіме барысында И.Дворецкийдің отандық бизнеске деген жанашырлығын байқадық. Кәсіпкерлік саласында әлі де әкімшілік кедергілердің салтанат құрып тұрғанын ескерген олар жас кәсіпкерлер қатарын арттыру үшін барынша тәуекелге баруды ұйғарыпты. – Біздің жобаларымыздың іске асуына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның аймақтардағы филиалдары үлкен қолдау білдірді. «Бизнес-бастама» байқауының өтуіне бірден-бір мүдделілік танытқан да осы палата басшылығы болды. Байқау барысында еліміздің әр аймағынан жүздеген жобалар келіп түсті. Бізге үздіктерін таңдау өте қиынға соқты. Әрқайсысымен жеке-жеке сөйлестік. Өйткені жобалардың шын мәнінде жастардыкі екеніне көз жеткізу керек болды. Ол да оңайға соқпады. Дегенмен, соңына қарай, кейбір жастар ұсынған жобаларының өздерінікі емес, яғни, «үлкендер» тықпалап отырғанын мойындап жатты. Айтайын дегенім, біздің мақсат – кез-келген жобаны жеңімпаз деп тану емес, бірінші жастарды алға шығару, соларға күш, серпін беру еді, – деген ол тараздық жастар Рустам Уватаевтың «Лего-кірпіш өндірісі» мен Нұрсұлтан Сәрсеновтің «3D киностудиясы» жобасының ерекше болғанын атап өтті. – Бұл біздің жұмысымыздың алғашқы нәтижелері. Кәсібіміздің алдағы уақытта өсіп-өркендейтіндігіне сеніміміз мол», – деген Иван Дворецкий «Бизнес-бастама» байқауының жыл сайын ұйымдастырылатынын да айтып өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов те кәсіпкер жұмысына табыс тілеп және осындай жақсы идеясы бар азаматтарды жеке бизнесін бастау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған байқауға қатысуға шақырды.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».