Әлеумет

Станса санын арттыру маңызды

Станса санын арттыру маңызды

Табиғи қорды сақтай отырып, баламалы энергия көздерін пайдалануға елімізде бетбұрыс жасалғанына да он жылдан асып кетті. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал, әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «жасыл» экономикаға бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы, еліміздің сағатына бір триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, өңірімізде күн, жел, су электр стансалары пайдалануға беріліп, олардың жалпы қуаттылығы 451,3 мегаватқа жеткен. Қазіргі таңда аймақта осы мегаватты құрайтын 21 нысан жұмыс істеуде. Оның 24,4 мегаваты алты су электр, 175,65 мегаваты тоғыз жел электр, 251,25 мегаваты алты күн электр стансаларына тиесілі. Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «жасыл» экономиканы арттыру керектігін айтқан болатын. Президент «Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан, қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек» деп алдағы межемізді айқындап берді. Жалпы, бүгінде орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суын да игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті, – дейді Құдайберген Қорғанбаев. Президентіміз Жолдауында Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керектігін де айтты. «Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды. Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды» деп бағытымызды нақтылай түсті. Жалпы, елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, «жасыл» экономикаға бетбұрыс мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Бұл ретте облысымыз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша алдыңғы орында. Өткен жылы өңірдегі жүзеге асырылған ірі жобаның бірі – Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы. Жобаның жалпы құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Бұдан бөлек, Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Атап айтсақ, әрбірі қуаты 4,5 мегаваттан тұратын стансаның құрылыс жұмысын «Шеңгелді ЖЭС», «Шеңгелді ЖЭС-2» және «Новатекс ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген. Бүгінде станса толық қуатында жұмыс істеп тұр. «Бүгінгі таңда өңірде қолға алынып жатқан жобалар көп. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданында қытайлық «Total Eren» ЖШС жалпы қуаты 1 гигаватт құрайтын жел электр стансасын салмақшы. Ал, Жуалы ауданында Біріккен Араб Әмірлігі мемлекетінің «Masdar» компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватт жел электр стансасы тұрғызылады. Ал, қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы 1 гигаватты жел электр стансаларынан бөлек, Т.Рысқұлов пен Талас ауданында жалпы қуаты 400 мегаваттық күн электр стансаларының жобаларын іске асыру жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өңірде күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленіп, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 3,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізу жоспарланып отыр», – дейді басқарма басшысы. Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт-сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Сондай-ақ, осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловатт болды. Жалпы, бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мВт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерді. Сонымен қатар, ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал, Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады. Сонымен қатар, Жуалы ауданында су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтсақ, Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысы басталып кетті. Жоба құны 5 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Ал, Ақсай каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы құрылысының инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда «жасыл» экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда. Аймақта күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 3,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілмек. Қорыта айтсақ, табиғат көзінен энергия өндіру аймақта дұрыс жолға қойылып келеді. Ең бастысы, бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жұмыс осылай жалғасын табатын болса, алға қойылған мақсат – электр қуатын өндіретін стансалар саны 32-ге жетеді деген сенімдеміз.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ