Экономика

«ҚАРАКЕМЕР-ҚАРАСАЙ» автомобиль жолы күрделі жөндеуден өткізілді

«ҚАРАКЕМЕР-ҚАРАСАЙ» автомобиль жолы күрделі жөндеуден өткізілді

Қордай ауданының орталығынан жүз шақырым қашықтықтағы Қарасай ауылдық округімен байланыстыратын «Қаракемер-Қарасай» тас жолы осыдан алты жыл бұрын салынған болатын. Соңғы жылдары аталған жолдың сойдақ тастары шығып, жеңіл көлікпен жүру мүмкін болмай қалған.

Алайда, ауыл тұрғындары үшін бұл жолдың жөні бөлек. Олай дейтінім, көрші Қырғыз бен Қазақстанның арасында шекара сымдары тартылған соң аталған ауыл тұрғындары өз еліне шекара арқылы өтулеріне тура келіп қалған. Ал «Қаракемер-Қарасай» тас жолы бұл мәселені түбегейлі жойды. 2006-2007 жылдары республикалық және облыстық бюджеттен 202 миллион теңге бөлініп, өз жерімізден 28,8 шақырымдық тікелей жол салынған еді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі салынған ең алғашқы жол жылдар өте түрлі себептермен тозығы жетіп, оны қайта жөндеуге осыдан екі жыл бұрын 1 миллиард 41 миллион теңге бөлінді. Оны біздің «Компания Инвест МК» ЖШС қолға алып, жұмысты толықтай аяқтап шықтық. Біз жолдың барлық техникалық талаптарға сай болуын, сонымен қатар, ұзақ жыл халыққа қызмет ететіндей болуын қатты қадағаладық. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қайта жасалған жол жұрт игілігіне берілді. Жолды пайдалануға беру салтанатына қатысқан облыс әкімі К. Көкірекбаев: «Тақтайдай тегіс мына жолдың салынуы тәуелсіздіктің арқасы. Соңғы төрт жылда ғана облыс көлемінде 36 миллиард теңге жұмсалып, мыңдаған шақырым жаңа жолдар салынды, бұрынғылары қайта жөндеуден өтті... Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ең көкейкесті жеті мәселенің қатарында аймақтарды бір-бірімен жалғастыратын жолдардың маңызы айтылған болатын. Жолдар – тіршіліктің күретамыры» деп атап өтті.

Сәтбай ҚОЖАМҚҰЛОВ, «Компания Инвест МК» ЖШС директоры.

Қордай ауданы.