Журналистер жұмысы жауапты
Журналистер жұмысы жауапты
шығармашылық конкурстың жеңімпаздарын марапаттады
Сенбі күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қабылдап, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Шығармашылық жұмыстарына табыс тілеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани өмірін белсене жазып, жалпақ жұртқа жеткізіп жүрген журналистер қауымына алғысын білдірді. Және де осы мақсатта тиісті талап деңгейінде қалам тербегендерді анықтап әрі ынталандыру үшін ұйымдастырылған шығармашылық конкурстың жеңімпаздарын марапаттады.
– Өздеріңізге мәлім, Елбасы бір апта бұрын отандық жетекші телеарналардың өкілдерімен жолығып сұхбат берді. Тілшілердің алуан тақырыптағы сауалдарына орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келелі әңгіме өрбітіп, елдің өркендеуі жолында игерілген игі істер және алда атқарылар маңызды тірліктер ауқымы төңірегінде кеңірек сөз қозғады. Себебі, журналистер – қайда да алдыңғы шепте жүретін мамандық иелері, жұмыстары өте жауапты. Олар кез-келген мәселені зерттеп, зерделеп, халыққа ой-пікірін ұғынықты түрде жеткізеді. Бұл тұрғыда еліміздің бір бөлшегі – облысымыздың тыныс-тіршілігімен тұрғындарды жан-жақты хабардар етіп отыратын қаламгерлермен жыл аяқталар тұста кездесіп, хал-ахуалды қорытындылай айтқанды жөн санадым, – деген облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы биыл әр салада жоғары жетістіктерге қол жеткізілгенін нақтылы көрсеткіштермен тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыс әлеуетінің артуына әрдайым өз тарапынан үлес қосып келе жатқан облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай» және қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттеріне ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен 516 миллион теңгенің бөлінгенін де еске салды. Иә, жыл өткен сайын бұл қаржы көлемі едәуір артып келеді.
Облыс әкімі жыл бойы атқарылған айтулы шараларға қысқаша тоқталып өткен соң, облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірін жариялау бойынша бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткізілген конкурстың әр аталымдағы жеңімпаздарын дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Оның ішінде облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі Сапарғали Әлібай «Үздік талдамалық материал» аталымы бойынша І дәрежелі, бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл ІІІ дәрежелі, «Үздік публицистикалық материал» аталымы бойынша ІІ дәрежелі дипломға бөлім меңгерушісі – осы жолдардың авторы ие болды.
Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».