Білім

Жас тарихшылар анықталды

Жас тарихшылар анықталды

Ақтөбе қаласында 29 қазан мен 1 қараша аралығында 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты VІ республикалық интеллектуалдық конкурсы өтті.

Байқау жас өрендердің атамекенге деген аяулы сезімін оятып, туған елдің тарихына қызығушылық танытып, терең білуге талпынып жүрген оқушыларды анықтады. Өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық сезімдерін қалыптастырып, өлкетану бойынша білімін дамытып қана қоймай, Отан- Анаға деген мақтанышын арттырған сайыстың республикалық кезеңі 2 турда өтті. Қатысушылар Қазақстан тарихы бойынша тестілеуден және 4 номинация – видеорепортаж, видео, макет және эссе жазу бойынша сыннан өтті. Сайыс барысында сын тезінен өткен оқушылар арасында республикалық кезеңге облыстан төрт оқушы қатысып, бақ сынасқан болатын. Нәтижесінде 3 оқушы жеңімпаз атанып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ІІ дәрежелі дипломын 1 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломын 2 оқушы иеленді. ІІ дәрежелі дипломмен Меркі ауданы №21 жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Асқар Ариана, ІІІ дәрежелі дипломмен Шу ауданы Төле би орта мектебінің 10-сынып оқушысы Арайлы Балтабай және Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназиясының 9-сынып оқушысы Әнел Айтжан марапатталды. – Туған өлкемнің тереңіне бойлап, бар ынтаммен туған жерге деген махаббатымды оның тарихы арқылы жеткізе алатынымды білемін. Маған Отанымның әр тасы қымбат. Байқау барысында өз шығармашылығым арқылы тарихқа үңілгенде, оған деген үлкен сүйіспеншілігімді қостым. Елімнің ертеңі жарқын болса екен деген тілек мені биікке жетелеп, тарихтың тамырынан сыр шертуге талпындырды, – дейді ІІ дәрежелі диплом иегері Асқар Ариана.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ