Әлеумет

16 мердігер мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

16 мердігер мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Биыл облыс аумағында 712 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 279-ы мемлекеттік бюджет есебінен болса, ал қалған 433-і инвесторлардың жеке қаражаты есебінен. Сонымен қатар, осы жылы 126 құрылыс объектілеріне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 65 нұсқама берілген. Одан бөлек, 201 әкімшілік іс қозғалып, 128 тапсырыс беруші, 41 мердігер мекеме, 4 жобалаушы, 21 техникалық қадағалаушы, 7 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жуалы ауданындағы Қайрат ауылында салынып жатқан 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын сапасыз орындаған бас мердігер «ЕРК-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сот шешімімен айыппұл салынып, лицензиясынан айырылған. 20 нысанның құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 16 мердігер мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс аумағындағы құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын жергілікті уәкілетті орган ретінде басқарма тарапынан сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Алгоритмді орындау мақсатында Тараз қаласына және аудандарға шыға отырып, сол аймақтардағы құрылыс нысандарына жауапты мамандардың қатысуымен профилактикалық жиындар өткізілуде.Тапсырыс берушілер мен басқарма мамандары бірлесе отырып облыс бойынша барлығы 176 нысанға профилактикалық мониторинг жұмыстары жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы құрылыстың барлық қатысушыларына ескерту берілген. – Жалпы өңірде көп жылдан бері 51 нысанның құрылысы тоқтап тұрған болатын. Қазіргі таңда 19 нысан пайдалануға берілді. Қалған 32 нысанның 25-і Тараз қаласында болса, қалған жетеуі аудандарда. Сондай-ақ, облыс аумағында барлығы 956 лицензиат тіркелген. Оның ішінде, құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша – 783, жобалау жұмыстары бойынша – 127, іздестіру қызметі бойынша – 46. Сонымен қатар, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аттестатталған 1049 сарапшы тіркелген. Биыл инжинирингтік қызметтермен айналысатын сарапшыларға 76 аттестат берілді, – деді Қайрат Аширалыұлы. Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, басқармаға осы жылдың бүгінгі күніне дейін 316 өтініш келіп түскен. Оның 185-і қаралып, 113 өтініш құзыреттілігі бойынша басқа органдарға жолданған. Ал, 18 өтініш қаралу үстінде. Одан бөлек, бүгінгі күнге дейін 2220 хат келіп түскен.Баспасөз мәслихатының соңында басқарма басшысы Қайрат Бисембаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ