Құқық

Қордай кеденшілері қырағылық танытты

Қордай кеденшілері қырағылық танытты

«Қордай» кеденінің ең ауыр да жауапты жұмыс учаскелерінің бірі орталық «Қордай» кеден бекеті болып табылады. Ондағы кедендік тексеру процесі еш тоқтаусыз тәулік бойы жұмыс істейді. Күнделікті екі ел арасындағы ары-бері өтетін жолаушылар саны жай күндері орта есеппен он бес мың, ал жазды күндері отыз мың адамнан асады. Олардың ішінде контрабандалық жолмен әрекет жасауға және кеденшілерді алдап өтуге тырысатын теріс пиғылдағы адамдар аз кездеспейді. Сондықтан да кедендік бақылау шараларын жүзеге асыру барысында бір сәт те босаңсушылыққа, жайбарақаттыққа жол беруге болмайды. Бұндай сапырылыс кезінде кеденшілерге жүктелетін жауапкершілік салмағы да үлкен. Осындай жұмыс барысы олардан жоғары кәсіби шеберлікті, қырағылықты және жоғары психологиялық дайындықты талап етеді. Олай дейтініміз, кедендік тексеру кезінде есірткі тасу барысында ұсталып жатқан наркокурьерлердің дені қырғыз елінің азаматтары. Жуырда, яғни үстіміздегі жылдың 26 қарашасы күні сағат кешкі 18 сағат 40 минут мөлшерінде «Қордай» кеден бекетінде жолаушыларды кезекті кедендік тексеру барысында қырғыз азаматы Жақыпов Алишер Ишенкұлұлы өз-өзінен сасқалақтық танытып, күдік тудырды. Кеден бекетінің бас маманы Талғат Жаубасаров одан ауызша «Өзіңізбен бірге кедендік шекарадан алып өтуге тыйым салынған заттар жоқ па?» деп сұраған кезде ол қатты абыржып, қаша жөнелуге әрекет жасады. Алайда, кеденшілердің жедел қимылынан алысқа ұзай алмады. Оны жеке тексеруге алу барысында шалбарының ышқырынан қара полиэтилен пакетке оралған бума шықты. Дереу жасалған оперативті сараптама нәтижесі ұсталған заттың жалпы салмағы 495,11 грамм, қорытындысы героин екенін анықтады. Бұл көрсеткіш Қылмыстық кодекс талаптары бойынша аса ірі көлемдегі болып есептеледі. Аталмыш оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 250-бабының 4-тармағы, 259-бабы 3-тармағының «в» пункті бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бұл нәтиже кеден бекетінің бас маманы Талғат Жаубасаровтың соңғы жарты жылдықтағы үшінші қырағылығы. Оның алдында кедендік шекарадан жасырын жолмен 2 килограмм героинмен және 900 грамм нашамен өтпекші болған екі наркокурерьді ұстап, алғырлық танытқан еді. Сондықтан да ол өз ісін жетік білетін, кәсіби шеберлігі мол және қызметтік міндетін адал атқаратын қызметкерлеріміздің қатарына жатады. Осындай қызмет барысындағы жақсы жетістіктері үшін әріптесіміз кеден басшылығы тарапынан марапаттауға ұсынылды.

Бекен Нұрахметов, «Қордай» кедені бастығының орынбасары.

Қордай ауданы.