Экономика

Кәсіпорындардың жұмысы жүйелі цифрландырылуда

Кәсіпорындардың жұмысы жүйелі цифрландырылуда

Облысымызда, соның ішінде Жуалы ауданында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру аймақта бес бағытта жүргізілуде. Атап айтсақ, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру.

Қазіргі таңда өнеркәсіп саласын осы жүйеге енгізу бойынша жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Аудандағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сүт өнімдерін өңдеу саласындағы озық технологияларды цифрландыру кешенді жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, «СМТС», «Ақмол» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз серіктестерімен бірлесіп сату процесін цифрландыру бойынша жұмыс істеуде. Мысалы, интернет-банкинг жүйесі арқылы электрондық төлемді енгізе бастады. Бұдан бөлек, өзге де кәсіпорындардың жұмыс жүйелері цифрландырылуда. Цифрландыру – өте қымбат процесс. Сарапшылардың пікірінше, технологиялық қайта жарақтандыруға байланысты ең төменгі шығын 5 миллион долларға бағаланады және оны Қазақстанның барлық кәсіпорындары көтере алмайды екен. Дегенмен, цифрлық экономиканы нығайту ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететінін ескерсек, Қазақстан мемлекеті, кәсіпорындары оны дамыту үшін ішкі және сыртқы ресурстарды табуы қажет. Өйткені, кез келген технологиялық серпіліс жоғары білікті жұмыс күшін қажет етеді. Сондай-ақ, электрондық сауданы дамыту аясында жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде жүздеген шағын және орта кәсіпкерлік нысан онлайн кассалық аппаратпен жабдықталған (WEB-касса аппарат). Өткен аймен салыстырғанда кассалық аппарат бірнеше пайызға өскен. Пандемиядан кейін ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қосымша өз қызметтерін онлайн түрде де көрсетуде. Жалпы, цифрландырудың дамуымен және карантиндік шараларға байланысты онлайн форматқа жаппай көшу – электрондық сауданың дамуына да жол ашты. Қолдағы смартфон арқылы-ақ қазір онлайн сауданы жүргізіп, табыс табуға мүмкіндік мол. Бүгінде біз күнделікті тұтынуға арналған қарапайым тауарлардан бастап, сирек және эксклюзивті заттарға дейін, жалпы кез келген нәрсені үйде отырып-ақ, онлайн сатып ала аламыз. Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, біздегі онлайн сатып алынатын тауарлардың ең көп тараған санаттарының қатарында киім, аяқкиім, спорт тауарлары, шаруашылыққа арналған тауарлар, дәрілер, байланыс қызметтері, азық-түлік бар екен. Тек бұлар ғана емес, онлайн сауда арқылы қазақстандықтар үлкен көлемдегі заттарды да сатып алуда. Ауыл шаруашылығы саласы да цифрландырылуда. Қазіргі таңда бұл салада 24 қызмет түрі цифрландырылса, «Qoldau. kz» сервисінде 17 субсидиялау бағдарламасы автоматтандырылған. Оның ішінде егін шаруашылығы саласы бойынша бес бағыты субсидияланса, мал шаруашылығында – екі бағыт, қалған бағыттар агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға бағытталған. Биыл аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтің 94 пайызы электронды түрде көрсетілген. Бұдан бөлек, жайылым мен егістік алқаптар да электронды картаға енгізіліп отыр. Жалпы, облыста алғаш рет ауыл шаруашылығы техникалары GPS бақылау технологиясы (жүргізушісі жоқ) жұмысқа қосылды. Сонымен қатар, алдағы жылы егін шаруашылығы саласында заманауи цифрлық бірнеше тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Гамбург» ЖШС 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысын жүргізуде, ферма толығымен автоматтандырылатын болады. Ауданда сүт өнімдерін өңдейтін жеті ферма технологиялары автоматтандыру жүйесінде негізделген жүйемен жұмыс істеуде. Қорыта айтқанда, цифрландыру барлық салада басымдыққа ие бола түспек.  

 Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Жуалы ауданы