Қылмыс хроникасы
Қылмыс хроникасы
АУҚЫМДЫ ЕСІРТКІ ӨНДІРІСІ ЖОЙЫЛДЫ Ішкі істер органдары жыл басынан бері 40 жасырын есірткі зертханасын жойған. Оның үшеуінде шетел азаматтары жұмыс істеген. Атап өтерлігі, заңсыз айналымнан 195 килограмм дайын психоактивті заттар мен 79 тонна прекурсор тәркіленген. Ал, жуырда ғана Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті таяу шетелдердің азаматтары ұйымдастырған жасырын есірткі өндірісін жойды.
– Полицейлердің жоғары дайындығы мен келісілген іс- қимылдардың нәтижесінде есірткі зертханасының жұмысы бастапқы кезеңде тоқтатылды. Қылмыскерлер есірткі синтезінің соңғы циклінде ұсталды. Бұл олардың қылмыстық әрекеттерінің қажетті дәлелді базасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұсталғандарға қатысты қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде есірткі өндіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – деді Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.
ЕСІРТКІ ЭКСПОРТЫНЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ
Жедел ақпаратты іске асыру барысында аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтады деген күдікті ұсталды. 31 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтау Шу ауданының құмды аймағында жүзеге асты. Тінту кезінде ұсталған адамның күртесінің қалтасынан өсімдік тектес заттары бар полиэтилен пакет табылды. Сондай-ақ, аумақты тексеру барысында жаңадан орылған өсімдіктердің үйіндісі мен күдікті сол күні жергілікті базардан сатып алған орақ бар екені анықталды.Сараптама қорытындысына сәйкес, анықталған заттың жалпы салмағы 66 килограмм 400 грамм «кептірілген марихуана» және жалпы салмағы 1 грамм 65 милиграмм «гашиш» есірткі заттары болды. Ал, ұсталған азаматтың айтуынша, сол күні күдік тудырмас және діттеген жеріне көзге түспей жету үшін туыстарынан жылқы сұраған. Ол есірткіні құмды аумаққа жасырып, бірнеше күннен кейін көлікпен Алматы қаласына алып кетуді жоспарлаған. – Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 296-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – деді өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.
АЛТЫН МЕН АҚША ҰРЛАҒАН ҚЫЛМЫСКЕР ҰСТАЛДЫ
Тараз қаласының тұрғыны тәртіп сақшыларына үйінен алтын бұйымдары мен қаражаты ұрланғанын хабарлаған. Айтуынша, белгісіз адам оның үйіне жатын бөлменің терезесі арқылы еніп, 129 мың теңге ақшасы мен түрлі алтын бұйымдарын ұрлап кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 миллион 114 мың теңге.Бүгінде полицейлер бұрын сотты болған 30 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сондай-ақ, аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
АРНАЙЫ ЖАДЫНАМА ЖАРИЯЛАНДЫ
Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына зорлық-зомбылықтың құрбаны болмауға көмектесетін жадынама жариялады. Жадынамаларда полицейлер бала өзіне қауіп төнгенін сезсе, кез келген ересек адамға «ЖОҚ» деп айтуға құқығы бар екенін үйрету керектігін ескерткен. Егер біреу оны ұстамақ болса, балаға «Бұл менің әкем емес (анам емес)» деп қатты айқайлауды үйрету қажет. Бұл жан-жағыңыздағылардың көңілін аударып, қылмыскерді қорқытады. Сондай- ақ, тәртіп сақшылары балаға қайда баратынын, қай бағытпен, қай уақытта қайтатынын, кіммен болатынын, егер жоспары ауысса, қоңырау шалу керектігін үйретуді ұсынады.Баланы балабақшадан және мектептен өзіңіз алып кетуге тырысу керек. Ал, егер басқа біреу алып кететін болса, оқытушыларға ертерек ескертілуі қажет. Полицейлердің ұсынысы бойынша, баламен арнайы құпия сөз ойластыру керек. Егер бөтен адам құпия сөзді білмесе, ол адаммен ешқайда кетпей, бөтен көлікке отырмайтынын айтуы қажет. Балаңызға жалғыз емес, достарымен бірге қыдыру керек екендігін жеткізіңіз. Жалғыз қыдырған бала қылмыскердің назарын аудартады. Бұдан бөлек, баланы жылына бір-екі рет суретке түсіріп тұру керек. Келеңсіз жағдайлар болып қалса, қолыңызда баланың жаңа фотосуреті болады. Сонымен қатар, жадынамада балаларды әлеуметтік желіде еркінше жүзгізбеу ұсынылады. Баланың әлеуметтік желідегі өміріне белсене атсалысу керек. Балаға әлеуметтік желідегі қауіп-қатер жайында ақпарат беріңіз. Егер бала басқа әлеуметтік желідегі қолданушыдан теріс қылыққа немесе зорлық-зомбылыққа тап болса, оған дереу жақын адамдарына хабарлау керек екендігін түсіндіріңіз. – Бала барлық жағдайды сеніп айтып беретін ата-ана болыңыз. Бала әрқашан оны жақсы көретініне сенімді болуы керек және егер ол жоғалып кетсе немесе ұрланса, оны іздеуді тоқтатпайтыныңызды айтыңыз, – деп еске салды құзырлы ведомства.
Есен ӨТЕУЛІ.