Табысқа жол ашқан жоба
Табысқа жол ашқан жоба
Аталған жобаның бес бағытымен жүргізілген жұмыстарға жеке тоқталсақ, Абай ауылында «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бағыты бойынша айналымға қажетті 3,5 миллион теңге қаражат алынып, 146 ауланың 0,8 гектарына қызанақ, 130 ауланың 0,7 гектарына қияр, 90 ауланың 3,8 гектарына таңқурай және 3,7 гектарға көкөніс ағаштары егілген. Алынған 3,5 миллион теңгенің шамамен 200 мың теңгесі жанар- жағармайға, 650 мың теңгесі тыңайтқышқа, қалған 2700 мың теңгесі көшет алуға жұмсалыпты. Үй іргесіне егілетін экономикалық пайдасы жоғары дақыл ретінде таңқурай таңдалып, ауданға келген «Экостар-А» (Альтаир) атты таңқурай егуге икемделген тұлғамен келісім жасау жұмыстары ұйымдастырылған. Бұл бірінші бағытпен Құмарықта жоспарланған 54 гектар жері бар 598 аула қатысқан. Ондағы 18,9 гектарға қияр, 2,1 гектарға сарымсақ, 33 гектарға картоп егіліпті. Осы бағытқа қажетті тұқымға, минералды тыңайтқышқа, өсімдік қорғауға, жанар-жағармайға қажетті 14845 мың теңге қаржыландырылыпты. Алайда, бұрын егілген 14,5 гектар көпжылдық шөп пен жеміс ағаштарының аула иелері бірігіп, құрылған кооператив арқылы ауыл сыртындағы 14,5 гектар жерге жоспардан тыс картоп дақылын отырғызған. 2020 жылы үй іргесінен жиналған өнім 225,3 тонна болса, оның 26,1 тоннасы қияр, 14,1 тоннасы сарымсақ, 185,2 тоннасы картоп. Жиналған өнімнің 64 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалған, оның 8 тоннасы қияр, 56 тоннасы картоп. Ал, 147 тонна картоп пен қияр сауда орындарында сатылған. 2021 жылы 488 ауланың 43,5 гектарына қауын-қарбыз, тәтті бұрыш, қияр, қызанақ, асқабақ, редис, қызылша, картоп егілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, рентабельдік дақылды көбейту мақсатында 6 гектар жерге алма ағаштары егілген. Бұл жылы үй іргесінен жиналған өнім 222,8 тоннаны құрап, жиналған өнімнің 41,3 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, 181,5 тоннасы сауда орындарында сатылған. Былтыр егілген 488 ауланың жерінен 244,9 тонна өнім жиналып, 45,1 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалып, 199,8 тоннасы сатылыпты. Ал, биыл үй іргесіндегі 1 гектар жерге сарымсақ, 4 гектарға қияр, 4 гектарға қызанақ, 1 гектарға асқабақ, 20 гектарға картоп, 2 гектарға құлпынай, 12 гектарға бақ, 10 гектарға көпжылдық шөп егіліпті. «Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» бағытымен Абай ауылында 144 адам 755,2 миллион теңге несиені 2,5 пайызбен алып, мал басын көбейткен. Бұл бағытпен Құмарықта 7216 мал басын сатып алуға 229 ауыл тұрғыны несиемен 676 812 мың теңгеге қаржыландырылған. Сол қаржыға алынған малдың 6 270-і ұсақ мал (қой мен ешкі), 356-сы мүйізді ірі қара (221 сауынды сиыр, 135 бұқашық), 590-ы жылқы. Алынған малдың 95 пайызы аналық мал. «Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану» бағыты бойынша Абай ауылында 22,5 миллион теңге алынып, 1671 гектар жер игерілген. Оның 570 гектарына көпжылдық шөп, 601 гектарына арпа, 500 гектарына бидай егіліпті. Ал, Құмарықта ауыл сыртындағы 1053 гектар жерге арпа, бидай, көпжылдық шөп өсіріліпті. «Ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу» бағытымен Абайда 8 әртүрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жоспарланып, бүгінде 46,2 миллион теңгеге 6 техника алынған, оның екеуі трактор, екеуі соқа, біреуі дән сепкіш, біреуі көң лақтырғыш. Қалған 2 техникаға 13,3 миллион теңгеге өтінім беріліп, келуі күтілуде. Бұл бағытпен Құмарық ауылында «Құмарық Тау» ауыл шаруашылығы кооперативі ауыл шаруашылығы техникалары үшін алған несиенің 52 миллион 926 мың теңгесі қалған. Айналым қаражаты бойынша алынған несиелер толық жабылған. Техникалардың жағдайы жақсы. Жобаның бесінші бағыты–«Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу» бойынша Абай ауылында қажетті қаражат көлемі 16,1 миллион теңгені құрап, оның 8,5 миллион теңгесі игерілген. Онымен 2 шағын жоба жүзеге асырылыпты. Алынған 8,5 миллион теңгеге профнастил шығаратын цех іске қосылған. Қалған 8,6 миллион теңгеге черепица шығаратын цехтың құжаттары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өткізіліп, қаражаты жақында түсіпті. Бұдан бөлек, осы бағытпен қосымша 16 миллион теңге қаражатты қажет ететін макарон шығаратын цех ашу жоспарлануда. Осы жоспармен «Атыханова» жеке кәсіпкерлігінің құжаттары қазір қаралып жатыр екен. Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатындағы жоба жемісті нәтижесін осылай көрсетті.
Қамар ҚАРАСАЕВА