Әлеумет

Азаматтың ақ жолы

Азаматтың ақ жолы

Қай өңірдің, қай ауылдың болмасын өзіндік болмысы бар. Ауылдың арғы-бергі тарихын жатқа айтып, санаңызға құятын құйма құлақ қариялары ше?! Сол қариялардың сарқытындай кеудесі сырға толы азаматтары ше?! Таразға тиіп тұрған жыр алыбы Жамбыл ата атындағы ауданның азаматы Аманалы Құрбанов жайлы қалай айтса да жарасады-ақ. Өйткені ол өмірден көрген-түйгені мол, сырға берік, сөйлеп кетсе шешен айтулы азамат. Аманалы осы ауданның тумасы, 70-ші жылдары желкілдеп өскен жас мектеп бітірісімен ауылдың қара жұмысына жегілді. Одан әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. Жолы болып Жамбыл технологиялық институтының экономист-бухгалтер факультетіне қабылданады. Дипломды маман болып ауылға оралады. Бұл 1979 жыл болатын. Алғашқы еңбек жолын аудандық қаржы бөлімінде ревизор боп бастап, көп ұзамай «Қызыл октябрь» колхозына бас экономист болып ауысты. Осы ауылда осы қызметті табаны күректей он жыл атқарды. Жас маманның жетілетін тұсы осы. Сан-салалы іргелі шаруашылықта осынша уақыт бас маманның бірі болып еңбек ету – болам деген жігітке үлкен мектеп-ті. Жыл-он екі ай бір сәтке толастамайтын шаруашылық науқандарының бел ортасында жүріп шыңдалды. Тәжірибеге бай мамандардан үйренді. Өмірін мал соңында өткізіп келе жатқан малсақ адамдардан төрт түлікті қағып-бағудың қыр-сырын білді. Әсіресе, далиып жатқан даланың сырына терең бойлады. Мал баққанның жөні осы екен деп малды өріске айдап салып бақпайтынына көзі жетті. Ғасырлардан бері мал бағудың қалыптасқан бай тәжірибесі барын ұқты. Еңбек адамдарының қадіріне жетті. Олардың адал бейнетінің дәмін татты. Осылай ауыл тірлігін бір адамдай білетін жас та жақсы маман өсіп жетілді. Туған ауылында «Пионер» асыл тұқымды қой совхозының директорының орынбасары қызметін атқарды. Бұл кеңшарлар тарап, дүние-мүлік талан-таражға түсіп, жекешелендіру науқаны қызып тұрған кезең болатын. Дәл қазіргі таңда аудандағы жұмыс істеп тұрған жалғыз шаруашылық осы «Пионер» өндірістік кооперативі сол жылдары тарқамай қалса осы Аманалы сықылды елжанды азаматтардың арқасы еді. 1999 жылы білікті маманға аудан басшылығы аудан ауыл шаруашылығы бөлімінің тізгінін ұстатты. Содан бертінде талай жылдар өтті. Бұл жылдар еліміздің экономикасында, оның ішінде ауыл шаруашылығында сан түрлі реформалар жүргізілді. Соның арқасында кең-байтақ дала қайта төрт түлікке толып, егін алқабы артып, бау-бақшамыз жайқалды. Қыруар жұмыстар атқарылды. Кешегі құлазып қалған малшылар қыстауынан жаңа тұрпатты шаруашылықтар пайда болды. Он сиырдың сүтін бір өзі беретін асыл тұқымды сиырлар табыны өсірілуде. Желден жүйрік жылқылар өріске толды. Етті, майлы қой отарлары жүздеп, мыңдап саналады. Осындағы бір Амангелді ауылының өзінде жыл бойы көкөніс өнімін өсіретін жылыжайлар істеп тұр. Оның өнімі арқадағы Астанада зор сұраныспен өтуде. Ақбұлым ауылында жүздеген гектарға жоғары өнімді алма өсіріліп жатыр. Бұл өнім облысымыздың мақтанышына айналды. Жамбыл спортының мақтанышы «Әулие ата» көкпаршылар командасының негізі осында құрылды. Олар Қазақстанның жеті дүркін чемпионы атанып, аудан атын алысқа шығарды. Осының бәрі мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауының арқасында болып жатыр. Тәуелсіздіктің жемісі бұл. Мемлекеттің ауылды түлетуге арнаған бағдарламасын жергілікті жерде іске асуына аянбай еңбек етіп жатқан ел азаматы Аманалыдай ерлердің ерен еңбегі бұл.

Дүйсенбек Орманов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жамбыл ауданы.