Мәдениет

Мәдениет саласында мәселе жетерлік

Мәдениет саласында мәселе жетерлік

Сонау түркілік дәуірдің өзінде төрткүл дүниеге өркениетімен танылған, ел тәуелсіздігіне дейінгі тағдырлы тарихта жыр алыбы Жамбылдың поэзиясымен мәшһүр болған киелі Әулиеата топырағы мәдени һәм рухани жауһарлардан қашанда кенде болған емес. Кенде болмақ түгілі, кең дала руханиятының қазынасына сарқылмас кен болған киелі өлкеде әлі де мәдениет шамшырағы өткенге жылу, келешекке жарық шашып маздап тұрғаны анық. Алайда, сол барымызды қаншалықты бағалап, болашағын қалай бағдарлап жүрміз? Олай дейтініміз, Қазақ хандығының бес жарым ғасырлық белесінде ашылған аспан асты мұражайының жайы әлі де мүшкіл. Жарты ғасырдан аса бір ғимаратта отырған драма театрдың мәселесі өз алдына бір төбе. Мәдениет саласына жыл сайын бөлінетін қаражат көлемі ұлғайғанымен, шешімін таппаған мәселелер көбеймесе, азаяр емес. Неге?

Сегізінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының кезекті жетінші сессиясында аймақтың мәдениет саласына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Себебі, күні бүгінге дейін күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер күн өткен сайын көбейіп барады. Тарқатып айтсақ, бүгінгі таңда өңірімізде халықтың мәдениетін арттырып, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып отырған мәдениет және архив мекемелерінің жалпы саны 511 болса, оның 27-сі облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарайды. Ал, қалған 484-і Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бағынысты. Оның ішінде 197 мәдениет үйі мен клуб мекемелері, 274 кітапхана, 2 облыстық драма театр, 2 кинотеатр, 19 музей, 12 архив, облыстық филармония, облыстық халық шығармашылығы орталығы, кино орталығы, тарихи- мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы және Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы кіреді. Өңіріміздің мәдениет саласында барлығы 3561 қызметкер жұмыс атқаруда. Олардың 1954 қызметкері шығармашылық саласында болса, қалған 1 648 кәсіби сала мамандары. Жоғарыда атап өткеніміздей, облыста жыл сайын мәдениет саласына бөлінген қаржы көлемі ұлғаюда. Мыс а лы, былтыр мәдениет саласына 10 миллиард теңге бөлінсе, биыл 12,3 миллиард теңге қаралған. Нәтиже қандай?

Аты бар, заты жоқ үйірмелер

Саладағы салмақты мәселелер өскелең ұрпақты өнерге баулуға жауапты үйірмелерден бастау алып отыр. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған жеке шығармашылық үйірмелерге жергілікті бюджеттен биылға 1 112 500 мың теңге қаражат бөлінген. Жауаптылардың айтуынша, осы бағытта қызмет көрсетуші саны 48-ді құрап, 4-17 жас аралығында 5626 балаға қызмет көрсетілген. – Осы бағытта жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында облыстық бюджеттен қарастырылған қаржының мақсатты жұмсалуына бақылаудың мүлдем жоқтығы анықталды. Себебі, Мемлекет басшысының Жарлығымен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылған. Осыны ұтымды пайдалана білген кейбір кәсіпкерлік нысандары artsport. edu.kz сайтына тіркеліп, тиісті құжаттарды жіберу арқылы қаржы алып отыр. Үйірме қызметімен таныспақ болған жұмысшы тобының мүшелері үйірме қатысушылары түгілі үйірме өтетін ғимаратты таба алмай қалған кездері болды. Мысалы, Тараз қаласында Жібек жолы көшесі, 81Б орналасқан деп көрсетілген жеке кәсіпкер Д.М Турабековтың ғимаратын табу мүмкін болмады. Осы іспетті «Suret design» жеке кәсіпкерлік нысаны көрсеткен Сүлейменов көшесі №70 мекенжайында тұратын адамдар бұл мекеме туралы білмейтіндіктерін айтты. Осыған ұқсас 38 баланы үйірмемен қамтып отырған Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі №128 үйінде орналасқан «Dlight» ғимараты жабық тұрды. Көрші орналасқандар бұл үйірменің жұмысы туралы хабарсыз екендіктерін айтты. Аталған мәселе бойынша облыс аумағындағы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында қызмет көрсетіп отырған балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің қызметін толықтай талдау, әрі келесі жылдың бюджетіне қаржы жоспарлау кезінде ескеру мақсатында құқық қорғау органдарын тарта отырып, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мамандары мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының бірлескен жұмыс тобын құру қажеттігі туындап отыр. Одан бөлек, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға үйірме жұмысын жүргізуге арнайы үйірме түріне сай жабдықталған бөлмелердің жетіспеуі үлкен мәселеге айналған. Қазіргі кезде көптеген ауылдық елді мекендерде үйірмелер сахнада өтуде. Осы іспетті көркемөнерпаздар жанры бойынша үйірмелерге қажетті аспаптар, құралдардың жетіспеуі анықталды, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрайымы Фарида Жүнісова. Бүлдіршіндердің шығармашылығын дамытамыз деген желеумен «дайын асқа, тік қасық» болған «елес» үйірмелердің жұмысы расымен жан-жақты талдауды талап етіп отырған секілді. Себебі, талап болмаған жерден жарытып жақсы нәтиже де шықпасы анық.

Жаңа нысандардың көркінен кемшілігі басым

Халық қалаулыларының зерделеу жұмыстары барысында аймақта жаңадан бой көтеріп жатқан мәдениет нысандарының жай-күйі де назардан тыс қалмапты. Нәтижесінде, жаңа ғимараттардың басым көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Облыстық мәслихат депутаттары мәселенің басты себебі – техникалық қадағалаушылардың жауапсыздығынан орын алып отырған көрінеді. –Жаңа салынып жатқан мәдениет нысандарының сапасының нашарлығы, аталған нысандарда кемшіліктердің көптігі байқалып отыр. Оның негізгі себебі, техникалық қадағалаушылардың құрылыс нысандарында жоқтығы десе болады. Осы себепті құрылыс сапасына байланысты көптеген туындаған сұрақтарға жауап алу мүмкін болмады. Мысалы, Қордай ауданы, Бетқайнар ауылдық клубының құрылысының барысымен танысу барысында қауіпсіздік шаралары мүлдем сақталмағандығы және жұмыс жүріп жатқан ғимарат ішінде әр жерге тақтай төсеп ұйықтап жатқан жұмысшылардан бөлек, жылу жүйесі құбырлары мен электр сымдарының бірге оралып қабырғалар арасына бетондалып тасталған. Одан бөлек, құрылыстың қоқыс материалдары сахнаның астына жиналып көміп тастау үшін дайындалып қойылған. Осы сияқты кемшіліктер Қақпатас ауылындағы мәдениет үйінің құрылысында анықталды. Көрермен залында апатты жағдайға арналған қосымша есік жоғынан бөлек, қабырғалар қиылысқан жерлері ашылып кетіп, ол жерлерге пеноплекс тығындалып қойылған. Осы ретте облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы қайда қарап отырғаны түсініксіз. Осы іспетті бөлек арнайы мәдениет үйі немесе ауылдық клуб ретінде салынған нысандарға кітапханаларды апарып орналастыру нәтижесінде мәдениет үйі қызметкерлері ғимаратқа кіре берістегі киім ілетін орынға орналасу деректері бірнеше аудандарда кездесіп, оның ішінде Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы мәдениет үйінің кіреберіс гардеробында отырған 3 маман туралы облыстық мәслихаттың дептутаттары әлеуметтік желіде посттарын жариялаған болатын. Бұл мәдениет нысандарын бастапқыда жобалау барысында кітапханаларға мән берілмейтіндігінің айқын көрінісі. Осы себепті, алдағы уақытта салынатын мәдениет нысандарының жобасын облыстық мәдениет басқармасының мамандарымен келісе отырып жасау қажет деп есептейміз. Өзекті мәселенің бірі – Тараз қаласы мен аудандық мәдениет үйлерінде қалалық және аудандық орталық кітапханалар орналасқандығында болып отыр. Мысалы, Байзақ, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов және Талас аудандарында орталық кітапханалар аудандық мәдениет үйлерінде орналасса, Жамбыл және Жуалы аудандарында «Amanat» партиясының аудандық филиалы ғимаратында орналасқан. Бұл өз кезегінде мәдениет үйлерінің жұмысына кедергі келтірсе, екіншіден, кітапханалардың толыққанды жұмыс жасауына ыңғайсыздықтар тудыруда. Сондықтан, осы мәселенің шешімін табу үшін жеке жаңа ғимараттар салу немесе дайын тұрған ғимараттарды сатып алу жағын қарастыру керек, – дейді бұл туралы тұрақты комиссия төрайымы.

Ашық аспан астындағы мұражай – ақталмаған үміт

Жасыратыны жоқ, жалпақ әлемге жар салып, Қазақ хандығының қазығы қағылып, тұңғыш туы тіктелген Әулиеата жерінде өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа өсиеттеу мақсатында ашылған мұражайдың әу бастағы мақсаты да, маңызы да зор еді. Бірақ, салтанатты түрде тұсауы кесілгенімен, мұражай есігі тұрғындар үшін ашылған жоқ. Жалпы, қаладағы бұл «Көне Тараз» мұражайының құрылысын салуға жалпы құны 950, 2 миллион теңгеге 2015 жылы келісімшарт жасалған болатын. Ғимарат 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты салынған. Өкінішке қарай, көне ескерткіш мұралар мен жәдігерлердің музейі болады деген үміт ақталмады. Қазіргі уақытта ғимараттың шатырынан су өтіп, жертөлесі сыз тартып жарамсыз күйге түскен. Зерделеу барысында ғимараттың сыртқы қабырғаларының гипсокартонмен қапталып, ортасына жылу материалдары салынғандығы анықталды. Тараз қаласының көне, ежелгі деген келбетіне көрік беретін, елді танытуға мәні ерекше мәдени ғимараттың тағдыры аянышты халде. «Қазіргі уақытта сол сапасыз салынған нысанды қабылдап алған басшыларға қандай шаралар қолданылды? Қоғамда орынды реніш туғызуға себепкер болған, мемлекет қаржысын құмға сіңген судай жоқ қылғандар анықталмай ма? Біз медицина саласында аудандарда бір медициналық құрал пайдаланылмай тұрса, соған шара қолданамыз. Ал, мұнда үлкен ғимарат 8-ші жыл пайдаланусыз тұр. Ғимаратты қалпына келтіру құны шамамен 320 миллион теңге құрайды деп күтіліп отыр. Дегенмен, нақты сметалық құны сараптама қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады. Сонда аталған нысанға барлығы 1 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалатын болады», – дейді Фарида Жүнісова. Айналып келгенде, шығыстың ескі тәмсілдеріндегі құм үстіне сарай салған патшаның әрекеті еріксіз көз алдыңа келеді. Сонда бізде құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын, алдын ала саралайтын мамандар болмаған ба деген жүйрік ой да жүйкені қамшылайды.

Сәні кеткен сахна, тозығы жеткен техника...

Аудандардағы шалғай ауылдарды айтпағанда, облыс орталығында орналасқан шығармашылық ұжымдар мен жеке әртістер құрамына сахналық киімдер тігу, сахна киімдерін жаңалау, қазақ оркестрінің ұлттық аспаптарын жаңарту сияқты мәселелер де өзекті болып отыр. Осы орайда, мәдениет үйлері мен клубтардың 2022 жылы материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлу бойынша Тараз қаласы, Меркі және Жамбыл аудандары жоғарғы көрсеткіш көрсетсе, төмен көрсеткішті Шу ауданы көрсеткен. Ал, осы жылдың 6 айында материалдық-техникалық базаны нығайтуға Талас ауданы 80, Қордай ауданы 60 миллион теңге бөлсе, Жуалы ауданы мүлдем қаржы қарастырмаған. Қашанда халықтың көңілінен шығу үшін өнерпаздардың сахналық костюмдері мен өнері үйлесім табуы тиіс екендігі белгілі. Алайда, талдау көрсеткендей, аудандарда сахналық киімдерге қаржы бөлінбеу мәселесі бары анықталып отыр. Одан бөлек, көптеген ауылдық клубтардың сахна перделері, қажетті құрал-жабдықтар яғни, музыкалық аппаратура жинақтары, проэкторлар, Led-экран, музыкалық аспаптар, жиһаздар жетіспеушілігі орын алса, кітапханаларда компьютерлік техникаларды жаңарту қажеттігі туындап отыр. Бүгінде мәдениет саласы мекемелерінің қала мен аудандарда ұсынған бюджеттік өтінімдері қанағаттандырылмай қалуы үйреншікті әдетке айналғандай. Одан басқа аудандардағы шалғай ауылдарды айтпағанда, облыс орталығында орналасқан шығармашылық ұжымдар мен Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйіне музыкалық аспаптар сатып алу сияқты мәселелер әлі де оң шешімін таппаған. Аудандық көркемөнерпаздар ұжымдарының шалғай ауылдарға гастрольдік сапарларға шығуына, жылжымалы іс-шаралар ұйымдастыруына және аудандық кітапханаларға кітаптарды тарату кезінде ауылдарға тасымалдауға қажетті микроавтобустармен қамтамасыз ету мәселесі де түбегейлі шешілмеген.

«Бұл аптада қазақтар, келесі аптада орыстар өнер көрсетеді»

Бұл Тараз қаласының қақ төрінде шоғырланған шоқтығы биік Асқар Тоқпанов атындағы драма театр ұжымының 56 жылдық кәсіби ұстанымына айналған. Себебі, екі шығармашылық ұжым бір ғимаратта, бір шаңырақтың астында ел үшін еңбек етіп келеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, аймақ руханиятының айнасына айналған театр жанынан жастар театры ашылса деген аймақ тұрғындарының сұранысы болашақта болмаса, бүгін-ертең қанағаттандырылмайтыны аян. Себебі, талайғы тарихы бар екі ұжымның өзі бір сахнаға таласып күн кешуде. Оған қоса, облыстық қазақ драма театры үшін аса қажетті білікті кәсіби режиссер, театртанушылар мен театр сыншылары сияқты мамандардың тапшылығы және арнайы Өнер академияларын бітірген кәсіби жас маман артистердің өңірлік жерлерге келмейтіндігі де өзекті мәселеге айналып отыр. Осы себепті бүгінгі күнге театрдың режиссері қызметін сол шаңырақтан өсіп-өнген актриса атқарып отыр. Театр мамандарының тапшылығының орын алуының басты себебін айтпасақ та түсінікті. Ол Әулиеатада жас мамандардың әлеуметтік мәселелерін жақсарту мәселесі шешімін таппай отырғандығында. Ол үшін театр қызметкерлерінің жалақысын көтеру, жас артистердің ай сайынғы пәтер ақыларын бюджет есебінен төлеуге мүмкіндік жасау және олардың арнайы жеңілдетілген бағдарлама бойынша пәтер алуларына ықпал ету мәселесі шешімін табуы қажет. Айталық, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Батыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында жаңа театр ғимараттары салынды. Ендігі кезекте Тараз қаласында да заманауи театр ғимаратын салу уақыт талабы болып отырған сыңайлы. Себебі, өңірде 1967 жылы ғимарат пайдалануға берілгеннен бері қазақ және орыс театры ұжымдары бір ғимаратта отырып еңбек етулері ең алдымен екі ұжымның да шығармашылық жұмыстарының сандық және сапалық көрсеткіштерінің дамып, жақсаруына кері әсерін тигізуде. Өйткені, жоспарланған қойылымдар мен мәдени іс-шаралар өткізу үшін театр сахнасы мен көрермендер залын қазақ және орыс драма театрлары алма-кезек пайдалануда.

Екі жарым мыңнан астам ескерткіштің мемлекеттік АКТ-сі жоқ

Облыс аумағында орналасқан 3510 тарихи- мәдени ескерткіштің атап айтқанда, ЮНЕСКО- ның Бүкіләлемдік халықаралық дәрежедегі тізімде – 5, республикалық дәрежедегі мемлекеттік тізімде – 25, жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімде – 698 және алдын ала есепке алынған ескерткіштер – 2700 болса, тек 724 нысанның жерге орналастыру туралы мемлекеттік АКТ-сі алынған. Ертеңгі ұрпаққа елінің кім екенін, ежелгі тарихта кім болғанын айшықтайтын ескерткіштердің құжатын жасай алмай жүріп, қалайша құндылықтарымыз деп құйқылжыта айта аламыз? Облыстық мәслихат депутаттары бұл мәселе бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан тарихи-мәдени нысандарға тұрақты жер пайдалану АКТ әзірлеуге қаржы көздерін қарастырып, аталған мәселенің түбегейлі шешуін қамтамасыз ету қажет деген пікірде. Сол сияқты, ұлттық идеологияны қалыптастыру барысында тарихи орындарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру қажеттігі туындап отыр.

Өзі әнші, өзі кітапханашы, өзі қарауыл...

Бұл облыс аумағындағы он ауданның әрбір ауылындағы үйреншікті көрініс. Кейбір ауылдар мәдениет үйіне зар болса, енді бірінде ауыл клубының тіршілігіне қан жүгіртетін білікті маман жоқ. Жай күндері есігіне құлып салынып тұратын ауыл клубтарында маман тапшылығы салдарынан жалғыз адам әмбебап режимде жұмыс істеуге мәжбүр. – Қазіргі кезде мәдениет саласында кадрлар тапшылығы орын алып, осы себепті кейбір ауылдық кітапханалар мен клубтарда экономист, менеджер, есепші және аудитор мамандары жұмыс атқаруда. Бұған әсер етіп отырған тағы бір мәселе – өңірімізде мәдениет саласы мамандарын дайындайтын колледждің жоқтығы болып тұр. Негізі 2011 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан «Мәдениет және өнер колледжі» ашылған. Алайда, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты 2013 жылы ашылған оқу орны жабылып, барлық студенттер Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне ауыстырылған. Осыған ұқсас 2019 жылы облыс орталығында «Музыка» мектеп- интернатын ашу бойынша екі басқармаға (білім мен мәдениет) облыс басшылығы тарапынан нақты тапсырма берілгенімен, мәселе шешімін таппаған. Осы жерде облыс басшылығының тапсырмасын орындамаған білім басқармасының басшыларына шара қолданылды ма, әлде жабулы қазан жабулы күйінде қалдыма деген сұрақ туындайды,– дейді аталған мәселе бойынша Фарида Жүнісова. ТҮЙІН: Мәдениет саласында бұдан өзге де мәселелер аз емес. Кітап оқырмандарының көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Биыл қала тұрғындарының бар болғаны 16, ал облыс халқының 22 пайызы ғана оқырман ретінде қамтылған. Шартарапқа белгілі «Шахристан» аумағындағы орталық тарихи- өлкетану музейінен бастап, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы, туризм басқармасы секілді алты бірдей нысан осымен бесінші қысты жылусыз қарсы алайын деп отыр. Облыстық мәслихаттың жетінші сессиясы барысында жан-жақты қамтылған мәселелер бойынша жауапты басқармаға нақты тапсырмалар берілгенімен, оның қашан және қалай шешілері алдағы уақыттың еншісінде. Біз тек, көнекөздер айтпақшы, көш жүре түзелеріне сенеміз.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ