Дастарханың мол болсын
Дастарханың мол болсын
облыста азық-түлік тапшылығына жол берілмейді
Облыс әкімі аппараттық кеңесінің 2014 жылдың соңғы жиыны өңірдегі азық-түлік тауарлары және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жүзеге асу барысына арналды. Аудан әкімдері, барлық басқарма және тиісті орган басшылары қатысқан жиында облыс тұрғындары үшін аса маңызды болып табылатын азық-түлік пен басқа да тұтыну тауарлары, коммуналдық қызмет төлемдері мен биылғы облыс қаржысының игерілуі секілді маңызды мәселелер талқыға түсті.
Азық-түлік тауарларына қатысты алғашқы болып хабарлама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Нұралиев біраз мәселенің басын қайырды. Ол облыстағы азық-түлік бағасын өткен жылмен салыстырып, оның өсуінің себептерін түсіндірді. Дейтұрғанмен, тұрғындардың қалтасына салмақ салып, әлеуметтік жағдайына қандай да бір ықпал етпес үшін бағаны тұрақтандыру мақсатында жүргізіліп отырған жұмыстарды да тілге тиек етті. Мысалы, биыл тұрақтандыру қорының комиссиясы бұл мақсатқа 1 260,9 миллион теңге қаржы бөлген екен. Сол қаржыға 4735 тонна көкөніс, 1975 тонна қант, 180 тонна өсімдік майы, 18 тонна макарон өнімдері, 227 тонна жарма, 210 тонна күріш, 10 504 тонна бірінші сұрыпты ұн, 1 тонна шай мен тұз, 323 тонна сүт өнімдері, 50 тонна ет пен 1 миллион дана жұмыртқа сатып алынған. Қазір тұрақтандыру қорында сол азық-түліктің 6 642,9 тоннасы тұр екен. Сонымен қатар, жамбылдықтарды делдалсыз, арзан бағадағы азықпен қамтамасыз ету мақсатында жыл бойы жүз жеті жәрмеңке ұйымдастырылып, онда 885,3 миллион теңгенің өнімі өткеріліпті. Облыс әкімі К. Көкірекбаев ауыл шаруашылығы басқармасының басшысынан осы жәрмеңкеге көрші Қырғыз елінен де көкөністерді тікелей жеткізу мақсатындағы меморандумның қалай жүзеге асып жатқанын сұрады. А. Нұралиев өз кезегінде биылғы құрғақшылық салдарынан және ол елден әкелінетін тауар бағасының, жол шығынының көрші елдің тауар өндірушілеріне тиімсіз болғанына байланысты жобаның қарқын алып кетпегенін, алайда, бұл бағыттағы жұмыстар жіті қадағалауда екенін айтты. Сондай-ақ, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ директоры Ш. Исабеков те тұрақтандыру қоры арқылы азық-түлік тапшылығын болдырмау барысындағы жұмыстар ретін баяндап берді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша хабарламаны облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы А. Мәдиев жасады. Аталған бағдарлама шеңберінде облысымызда жалпы құны 43,3 миллиард теңгенің 362 жобасына мемлекеттік қолдау көрсетілген. – 2014 жылы субсидияның көлемі 822,7 миллион теңгені құрады. Көмек көрсетілген жобалар саны өткен жылдың он бір айымен салыстырғанда алпыс бес пайызға артты. Аталған бағдарламаны қаржыландыруға облысымыз бойынша екінші деңгейдегі он төрт банк қатысып келеді. Кәсіпкерлікті несиелендіру бойынша аудандарда өткен семинарлардан кейін екінші деңгейлі банктерге бүгінде 385 кәсіпкер несие алуға өтініштерін тапсырды. Талдауға сәйкес жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі, яғни, алпыс сегіз пайызы Тараз қаласына, қалғаны аудандарға тиесілі болып отыр. «Банк несиелері бойынша кепілдік беру» тетігі шеңберінде жалпы кепілдік сомасы 1013 миллион теңгені құрайтын алпыс үш жобаға мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Биыл оның қырық жобасы мақұлданды. Республикалық рейтингке тоқталатын болсақ, биылғы он бір айдың қорытындысы бойынша облысымыз бірінші орынды иеленді, – деді А. Мәдиев. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында мемлекетке 6,4 миллиард теңге салық төленсе, сегіз мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 1500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылған екен. Осы екі бағыт бойынша жылдық қорытындыны жасап, туындаған мәселелер егжей-тегжейлі талқыланған соң, К. Көкірекбаев биылғы бюджеттің игерілу көрсеткішін де сұрады. Басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің сөзіне сүйенсек, өздеріне тиесілі қаржы толығымен игерілмек және анау айтқандай жоспардан ауытқушылық орын алмаған. Дегенмен, облыс басшысы өзінің нақты қадағалауында жүрген бірқатар қаржылық мәселелерді ортаға салды және оны өте жуық арада шешуді тиісті мекеме басшыларына тапсырды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».