Әрі артист, әрі режиссер Анар
Әрі артист, әрі режиссер Анар
Анар Сағымбекова 1998 жылдан бері Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы болып еңбек етіп келеді. Он бес жылдан аса уақыт қасиетті сахнада тер төгіп, көптеген жанрларда, әртүрлі бағыттағы режиссерлердің сахналауымен қойылған елуден аса басты рөлдерді сомдады. Оның ішінде Т.Ахтанов «Махаббат мұңы» – Ләззат, Ә.Әмзеұлы «Кейуана» – Қали, Г.Горин «... атың өшсін, Герострат!» – Клементина, И.Сапарбай «Сыған серенадасы» – Изольда, Ш.Айтматов «Ана – Жер-анада» – Жер-ана және Әлиман, Е.Әлімжан «Бауыржан Момышұлы» – Галина Павловна, У.Шекспир «Ричард ІІІ» – Леди Анна, Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағаш» – Әлия, М.Байжиев «Тіл табысқандар» – Сүйімхан, Ш.Мұртаза «Домалақ ана» Домалақ ана, Дарио Фо «Байы бар – Басы бос» трагикомедиясында – Антония, Жан Коктоның «Адам дауысы» трагифарсында әйел бейнелері. Сондай-ақ, ол өзін режиссерлік қырынан да танытып келеді. Оған әр жылдары театр сахнасында балаларға және ересектерге арнап К.Сәттібайұлының «Күнге ғашық өлкеде», «Бағдаршам», В.Лебедев «Көңілді әбжіландар», Е.Елубаев«Асар», Б.Соқпақбаев «Қожанасыр келе жатыр», С.Пірмановтың «Наурыз – Көктем жүрегі», «Наурыз шақырады», «Жаңа жыл» сынды тағы басқа да көптеген ертегілермен қоса Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат», М.Байжиев «Тіл табысқандар», А.Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай» сынды ұтымды қойылымдарды көпшілік назарына ұсынғанын айтсақ та жеткілікті. 80 жылдық тарихы бар қазақ театрының мәртебесін биікке көтеруден талмай жүрген Анар Сағымбекова республикалық және халықаралық театрлар фестивалінде жүлделі орындарға ие болып, лауреат атанды. Айталық, Кейуана рөлі үшін ілгеріде Орал қаласында өткен ХІ республикалық театр фестивалінде лауреат болды. Ал, үстіміздегі жылы Анар Сағымбекова ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.