Спорт және туризм

Ербол Қарашөкеев Жазғы Азия – 2023 және Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттады

Ербол Қарашөкеев Жазғы Азия – 2023 және Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 2023 жылғы Азия ойындары мен Пара Азия ойындарының жүлдегерлері және олардың жаттықтырушыларымен кездесті. Ағымдағы жылдың 23 қыркүйек - 8 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) өткен XIX Жазғы Азия ойындарына Жамбыл облысынан 12 спорт түрінен 37 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жамбылдық спортшылар 1 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізіп, «Париж-2024» Олимпиадасына 1 лицензия жеңіп алды. Кураш спорт түрінен 81 келіде Бекәділ Шаймерденов күміс, су добынан әйелдер құрамасындағы «Айша бибі» клубының қыздары мен ерлер сапындағы Шонжигитов Султан, Цой Эдуард, бокстан 71 келі салмақта Асланбек Шымбергенов қола жүлдеге ие болды. Қазіргі бессайыс спорт түрінен Георгий Борода-Дудочкин «Париж-2024» Олимпиада Ойындарына жолдамаға қол жеткізді. Сондай-ақ, осы жылдың 22-28 қазаны аралығында IV-ші Жазғы Пара Азия ойындарына 8 жамбылдық  спортшы қатысып, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медалға ие болды. Нұрдәулет Жұмағали 100 метрлік брасс және 200 метрлік кешенді жүзу әдісінде 2 минут 16.74 секунд  көрсеткішімен Пара Азия рекордын жаңартып, жеңімпаз атанды. Пара таеквондодан Өмірәлі Нышан +80 келіде күміс, кешенді жүзуден Зульфия Габидуллина қола медалға қол жеткізді. Облыс әкімі спортшыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

Бұдан соң кездесуге қатысқан жүлдегер спортшылар Облыс әкімінің Алғыс хатымен және ақшалай сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ олардың жеке жаттықтырушылары Рақымжан Қожатаев, Ермек Ерсаев, Әсел Жақаева, Саттар Бейсембаев, Нұржан Есілбаевқа да марапаттар табысталды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі