Мәдениет

Бес көне қаламыз ЮНЕСКО тізіміне енді

Бес көне қаламыз ЮНЕСКО тізіміне енді

Өңірімізде мәдени атмосфераны қалыптастыруға, саланың кеңінен өркен жаюына жыл өткен сайын қомақты қаражат бөлініп келеді. Жылқы жылы да сол үрдіс өз жалғасын тапты. Мәдениет саласында жеткен жетістіктер аз емес...

Дүйсенәлі Бықыбаев, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы.

Әсіресе, ұлттық тарихты зерделеу мақсатында «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру үшін биылғы жылы бюджеттен 176 миллион теңге бөлініп, қалашықтың бірқатар нысандарында (қорғаныс жүйесі, цитадель, шахристан, рабад) қазба жұмыстарын 4 мердігер жүргізіп жатыр. «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік Елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы бизнес жоспар негізінде «Ежелгі Тараз» қалашығын ашық аспанасты мұражайына айналдырып, туристік кластерді дамыту жұмыстары жүргізіледі. Археологиялық зерттеу жұмыстарын тереңдетіп, ғылыми зерттеулерге жол ашу мақсатында үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі және Қытай Халық Республикасының «Ұлы Жібек жолы» бойының экономикалық белдеуі институтымен екі жақты меморандумдарға қол қойылды. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне енгізілген 33 элементтің қатарына Қазақстаннан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 8 нысан қосылған болатын. Соның 5-уі біздің облыстың үлесінде. Олар: Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені. Аталған тізбеге қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан «Ежелгі Тараз» қалашығын ұсынуға құжаттар рәсімделуде. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында 2009 жылдан бері 9 ауданның ескерткіштер жинақ кітабы шықты. Жыл аяғына дейін Тараз қаласы мен Сарысу ауданының «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» жарық көретін болады. Жалпы мәдениет мекемелерінің кәсіби дамуы мен халыққа қызмет көрсету барысына тоқталар болсақ, биыл облыс театрлары 33 667 көрерменге 312 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында 12 жаңа қойылым сахналады. Оған қоса, аудандардағы халық театрларының облыстық «Театр KZ» фестивалі және «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған І халықаралық театр фестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және республикамыздың белді театр ұжымдары қатысты. Облыс музейлерінде 2014 жылы 91 мыңға жуық экспонаттарды 30 мыңнан аса келушілер тамашалады. 980 экскурсия, түрлі тақырыптарда 310 көрме ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Астанадағы қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысып, сәуір айының 17-23 аралығында Астана қаласындағы қазіргі заман өнер музейінде Л.Брюммердің 125 жылдық мерейтойына орай экспозиция жасалып, Бейбітшілік және келісім сарайында музей жәдігерлерінен театрландырылған көрме ұйымдастырылды. Жамбыл облыстық филармониясы және оның құрамындағы шығармашылық ұжымдар үстіміздегі жылы 177 концерт ұйымдастырып, оған 109 856 көрермен қамтылды. Бейбітшілік және келісім сарайында алғаш рет Жамбыл облыстық филармониясының «Тараз – ғасырлар куәсі!» атты концерті, Алматы облысында Жамбыл облысының мәдениет күндері, ІІ Халықаралық «Қаратау сарыны – 2014» атты дәстүрлі музыка фестивалі өткізілді. Облыстық кино орталығының «Алтын қорында» 1218 дана кең көлемді форматтағы көркем фильм, 1644 дана деректі фильм, 25 дана мультипликациялық фильмдер бар. Облыс бойынша 1 кинотеатр, клубтар мен мәдениет үйлерінде 23 киноқондырғы, 10 «Зерде» бейнемобильдері халыққа кино көрсету жұмысын атқарып келеді. 9 айда 2136 кинокөрсетілім қойылып, 83 756 көрермен қамтылды. Киножүйесін дамыту жолында Талас ауданындағы «Авангард» кинотеатрының ғимаратын бюджеттен 4 млн. теңгеге сатып алып, облыстық мәдениет мекемелерінің жүйесіне енгізілді. Т.Рысқұлов ауданындағы «Сұлутөр» кинотеатрының ғимараты да кері қайтарылып, халыққа кино көрсету қызметін атқарып келеді. Үстіміздегі жылы облыс көлемінде «Көктем» Халықаралық классикалық өнер фестивалі, «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім» атты республикалық ақындар айтысы, «АЗИЯ ЕЛІ» атты Халықаралық жерлестік фестивалі сынды 5 халықаралық, 4 республикалық, 11 облыстық ірі мәдени-көпшілік іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда мәдениет саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Біздің басқарма жылқы жылын табысты аяқтады. Алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы секілді айтулы даталар бар. Оған қоса, Ата заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Қазба жұмыстары да өз деңгейінде жүретін болады. Жылқы жылындағы табысты нәтижелерімізді қой жылында әрмен қарай жалғайтын боламыз...