Құқық

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы

 АСЫН IШIП, АЛТЫНЫН ҰРЛАҒАН Тараз қалалық полиция басқармасының 1-полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағыммен жүгінген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бір күн бұрын оның үйіне қонақтар келген. Ал, олар кеткен соң үй иесі өзіне тиесілі алтын бұйымдардың жоғалғанын байқаған. Қонақтардың бірі бұл үйден құны 5 миллион теңге тұратын алтын бұйымдарды ұрлап кеткен.

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 35 жастағы Астана қаласының тұрғынын анықтап, ұстады. Ұсталған ер адам өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

МЕШІТТЕ ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН

Тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген 19 жастағы жігіт облыс орталығындағы «hибатулла- Тарази» мешітінде намаз оқып жатқан сәтте күртешесін ұрлап кеткенін айтқан. Келтірілген шығын көлемі 25 мың теңгені құрайды. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188- бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бейнебақылау камералардың көмегімен қаладағы шағынаудандардың бірінен 54 жастағы тұрғынды анықтап, ұстады. Бүгінде ер адам кінәсін толық мойындады, тергеу әрекеттері жүргізілуде.

 ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Өңірлік полиция департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан облысының аумағында 33 жастағы Байзақ ауданы тұрғынының басқаруындағы Алматыдан Ақтөбеге бағыт алып бара жатқан «SCANIA R480» маркалы жүк көлігі тоқтатқан. Көлікті тінту барысында төрт қорап табылып, тәркіленген. Оның ішінде жалпы салмағы 5 килограмға жуық марихуана есірткі заты болған.

Жалпы, бұл күні Байзақ ауданының тағы үш тұрғыны есірткімен ұсталды. Олардың тұрғылықты жері бойынша тінту іс-шаралары кезінде марихуана мен гашиш есірткі заттары салынған 9 қап табылып, тәркіленді. Тәркіленген есірткі құралдарының жалпы салмағы 140 килограмнан асады. Айта кетейік, бұл аса ірі көлемдегі есірткі заттары болып табылады. – Қылмыстық топқа қатысты Қылмыстық Кодекстің 296-бабының 2-бөлігі және 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталған азаматтар Тараз қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу амалдары жалғасуда, – деді өңірлік полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев.

ҚОЙДЫ ҚОЛДЫ ЕТКЕН ЖАС ЖІГІТ ҰСТАЛДЫ

Полиция бөліміне Жамбыл ауданының 46 жастағы тұрғыны мал ұрлығы туралы арызбен жүгінген. Ер адамның айтуынша, бір күн бұрын белгісіз біреу оның қорасынан 6 бас қойын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгені құрайды.

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-1-бабының 1-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жүйелі жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 21 жастағы жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.  

 Есен ӨТЕУЛІ.