Асада мал басы көбейіп келеді
Асада мал басы көбейіп келеді
Ауылдық округ аумағында 3346 мүйізді ірі қара, 19150 уақ мал, 1900 жылқы және 3050 құс бар. Алдыңғы жылмен салыстырғанда мал санының өсімі байқалады. «Жандар», «Азат», «Ынтымақ», «Прогресс» және тағы басқа шаруа қожалықтары суды үнемдеу мақсатында 580 гектар егістік алқаптарына тамшылатып суару технологияларын енгізіп, нәтижесін көріп отыр. Ауылдық округтегі шаруалар өткен жылы 23 миллион теңгеге 3 жаңа техникамен толықтырылған. Биыл дала жұмыстарына 14 техника жұмылдырылыпты. Сонымен қатар, «Ынтымақ» фермерлік шаруа қожалығы 16 миллион теңгеге тамшылатып суару қондырғысын сатып алған. Елді мекенде жаңа ауылшаруашылық техникаларының жаңаруымен қатар, осы салаға түсетін инвестициялық көрсеткіштердің өсу әлеуеті де жоғарылауда. Биыл 3000 гектарға егін егілген. Оның 100 гектары күздік бидай, 515 гектары жаздық арпа, 80 гектары жүгері, 96 гектары қант қызылшасы болса, 490 гектарға көкөністер, 87 гектарға бақша дақылдары, 260 гектарға мал азығы өсіріліпті. – Аса ауылы 12 677 тұрғыны, 2 338 ауласы бар аудандағы ең ірі округтің бірі. Округтің жалпы жер көлемі 7 481 гектар. Егістікке жарамды жер көлемі 2691 гектар. Аса ауылында 350 орындық Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, 800 орындық №1 орта мектебі, 600 орындық Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі, 340 орындық аудандық мәдениет үйі, 1400 шәкірті бар «М.Төлебаев» атындағы өнер мектебі, «Техникалық шығармашылығы және кәсіби бағдар беру орталығы», 250 келушіге арналған аудандық емхана мен 150 стационарлық орындық аудандық аурухана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 280 орындық «Балдырған» бөбекжай-бақшасы, 140 орындық «Сәуле» бөбекжай-бақшасы, 75 балаға арналған жекеменшік «Ертегі» және 200 балаға арналған жекеменшік «Ai-dana» балабақшалары мектепке дейінгі балаларды толық қамтып отыр. Округке қарасты Рахат ауылында 50 орындық Рахат бастауыш мектебі және 5 келушіге арналған Рахат медициналық пункті жұмыс істеуде. Рахат ауылында 2009 жылы пайдалануға берілген 5 келушіге арналған медициналық пункт, инфекциялық аурухана, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мекемелері медициналық және басқа да қызметтер көрсетеді. Қазіргі таңда ауылдағы спорт нысандарының жалпы саны – 33, оның ішінде Аса ауылдық округіне қарасты 6 спорт нысаны бар, атап айтсақ 4 кіші футбол алаңы, 2 стритворкаут алаңы, 1 баскетбол, 1 волейбол алаңы бұқаралық спортты дамыту бағытында жұмыс істеуде. Ауыл халқының 38 пайызы спортпен шұғылданады. Ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы үшін нысанның барлығы қолжетімді, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетов. Бауыржан Құттыбайұлының айтуынша, бұл ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда округ бойынша 217 жеке кәсіпкер, 56-дан аса кәсіпкерлік нысандары тіркелген. 2022-2025 жылдардағы даму жоспарын орындау мақсатында биыл ауылдық округте 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын, жобалық құны 85 миллион теңгеге 4 шағын инвест жоба (1 дүкен,1 дәмхана, 3 сауда орыны, 1 сұлулық салоны) жоспарланып, іске асырылуда. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салалары бойынша 2024-2025 жылдары да осындай жаңа жобалар іске асырылып, тұрақты жұмыс орындарын ашу күтілуде. «2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында ауылдық округте «Бизнес Бастау» курсын 118 азамат оқып, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты 16 азамат алып, өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын жүргізуде. Бұл ауылда атаулы әлеуметтік көмек 114 отбасына, тұрғын үй көмегі 3 отбасына, үйде тәрбиеленіп оқытылатын 17 мүгедек балаға көрсетілген. Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек 87 отбасыға, 468 адамға тағайындалған. Аса ауылының 40 көшесі, Рахат ауылының 1 көшесі жарықтандырылған. Төле би, Ақжар, Ы.Алтынсарин көшесінің бұрылысы және өтпелі жолы, С.Сейфуллин, Ш.Уәлиханов және Д.Қонаев көшелері жарықтандырылып, Жетітөбе және Рахат ауылының К.Оспанқұлов көшесіндегі трансформаторлары ауыстырылыпты. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша биыл Аса ауылы Абай көшесінің бойына 4 жерге бейнебақылау камералары орнатылған. Аса мен Рахат елді мекендері толығымен сапалы ауыз сумен, электр қуатымен және табиғи газбен қамтылған. Жергілікті «Амангелді ГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, шаруа қожалық басшылары, кәсіпкерлер және белсенді ауыл азаматтары да әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әрдайым көмек көрсетіп, әртүрлі қайырымдылық шараларға үнемі қатысып отырады. «Жомарт түлек» жобасы аясында демеушілер мен тұрғындар тарапынан Рахат ауылында дене шынықтыру спорт кешені салынып жатыр. «Асарлатып үй салу» жобасымен барлығы 4 отбасыға үй тұрғызылып берілген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Жамбыл ауданы