«Үміт» үйіндегі үміттер
«Үміт» үйіндегі үміттер
Облыстық «Үміт» балалар үйінде жаңажылдық шырша мерекесі екі-үш күн бұрын ғана өткізілген екен. Кішкентай бүлдіршіндердің тақпақ айтып, Аяз ата мен Ақшақардың тәттілеріне қарық болғаны да сол кез. Сондықтан болар, әлі ешнәрсені бағамдап түсінбесе де, жасанған жасыл шырша тігілгенде қызықты думан болатынын олар іштей біліп қалған секілді. Шыршаның айналасына жиналған балғындар әйтеуір бір таңғажайыпты күткендей әлденені тосулы еді.
Жәудір көздердің құйтақандай жүректері алдамапты. «Үміт» үйіне үміт сыйлауға келген «DeSheli» компаниясының Тараз қаласындағы өкілдері балаларға жаңажылдық мереке ұйымдастырып, көптеген сыйлықтар тапсырды. «Екі күндік жасыл шырша салтанатын өткізуді түгелдей аталмыш компания өкілдері өз міндеттеріне алды. Ертегі қойылымдарын, ойын-сауық бағдарламасын, бүлдіршіндер киіп шыққан түрлі карнавалдық костюмдерді де ұсынушылар – осы демеушілер. Жаңажылдық сыйлықтары да бар. Сондай-ақ, олар балалар үйіне түрлі-түсті үлкен теледидар тарту етті», – дейді мекеменің бас дәрігері Айжан Жақсымбетова. Он сегіз елге таралған «DeSheli» компаниясының Тараздағы өкілі Марк Ткаченко Жаңа жыл секілді мерекелер қарсаңында қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастыратындарын айтады. Оның айтуынша, аталған SPA салоны құрылтайшылары бұл күні Атырау мен Таразда жасыл шырша мерекесін өткізіп, балаларға шаттық сыйлапты.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».