Жамбыл облысында «Егінжай-2023» дала семинары өтті
Жамбыл облысында «Егінжай-2023» дала семинары өтті
Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Қант қызылшасы өндірісін дамыту» тақырыбындағы «Егінжай-2023» облыстық дала семинары өтті. «АСПАН АГРО» АШК-нің қант қызылшасы алқабында өткен шараға облыс әкімі Е.Қарашөкеев, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, шаруашылық жетекшілері және республикадағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысты. Ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттағы дақылдарға сәйкес әртараптандыруды жалғастыру және олардың өнімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау арқылы тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған семинар барысында алдымен қонақтар тәтті түбір дақылының өндірісін дамыту туралы стендпен танысты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларының және өндіруші компаниялардың көрмесін аралап, көрді. Аймақ басшысы өз сөзінде шараның маңыздылығына тоқталып, тақырыпқа негіз болған бағытты ілгерілету бойынша жоспарлы шараларды атап өтті. - Өздеріңіз білетіндей, Ел Президенті ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың оң іске асуына баса назар аударуда. Жалпы, ауыл шаруашылығы нағыз еңбек қажет ететін сала. Дегенмен, елде, оның ішінде оңтүстік аймақтарда ағын су мәселесі өзекті болуда. Ал, бұдан шығудың бірден-бір жолы – егін шаруашылығына су үнемдеу технологиясын мүмкіндігінше кеңінен енгізу. Нәтижесінде ағын суға тәуелділікті барынша азайтуға мүмкіндік аламыз. Су жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы судың пайдалану коэфицентін арттыру, жер асты суларын ұңғыма қазу арқылы мейілінше пайдалануымыз қажет. Су үнемдеу технологияларын пайдалану мақсатында мемлекет тарапынан ұңғыма қазғаны үшін 80 пайызға, инфрақұрылым жүргізген жағдайда 50 пайызға дейін қолдау көрсетіледі. Жалпы заманауи технологияларды енгізуге барлық жағдай жасалуда. Бүгінгі күні облыста жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервистік орталық құрылуда. Сондай-ақ, Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймақта су үнемдеу технологиясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Одан бөлек, облыста тыңайтқыштардың жаңа түрі жасалуда,-деді аймақ басшысы. Өз кезегінде «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу» ЖШС-нің басқармасының білімді тарату және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейткәрім Қалтаев, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу» институты ЖШС-ның басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев, «Аспан-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Саха Манатов, «ANS-AGRO» ЖШС-нің басшысы Микайил Хабибов және тағы басқалар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Айта кетейік, биылғы жылы аймақта қант қызылшасы 10,8 мың гектарға орналастырылса, қуаңшылықтың салдарынан оның 6,2 мың гектары жарамсыздыққа ұшырады. Қазіргі уақытта жиналатын 4,6 мың гектар алқаптың 1,3 мың гектарынан 58 356,9 тонна тәтті түбір алынып, әр гектардағы орташа өнім 424,6 центнерді құрауда. Ал, қант зауытына 46 997,9 тонна қызылша өткізілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. Жалпы егіншілікте озық технологияларды қант қызылшасына енгізу қолға алынуда және осы арқылы мол өнім алуға болатынына көз жеткізіліп келеді. Бұл бағыттағы, яғни жүннен өндірілген аграрлық биотыңайтқышты пайдалану, рентабелді дақылдардың тиімділігін арттыру сияқты жұмыстар семинар кезінде көпшілікке көрсетілді.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі