Әлеумет

Тау баласы тауға қарап өседі...

Тау баласы тауға қарап өседі...

«Жыл мұғалімі кім?» деп сұрағанымызда, облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетіндегілер бір емес, бірнеше мұғалімнің аты-жөнін атады. «Бұлар биыл облыста да, республикада да топ жарды. «Үздік педагог» төсбелгісін өңірлеріне қадап, әрқайсысы 1 миллион 852 мың теңгеден сыйақы да алды» деп қосып қойды Шакизада Өсерова. Тек Бірлік Сраилов қана – құландық, қалғандарының бәрі тараздық екен. Ақтолқын Құлекеева қазақ тілі мен әдебиеті, Андрей Сон технология, Мейрамкүл Орынбаева информатика пәндерінен сабақ береді. Олардың ішінде, әсіресе, Мейрамкүл тынбай еңбектену мен ізденудің арқасында бар-жоғы бес жыл ішінде осындай абырой биігін бағындыруға болатындығын дәлелдеуімен ерекшеленіп-ақ тұрды. Жасы әлі отызға да толмаған. Еліміз бойынша үздік деп танылған ұстаздар арасындағы ең жасы да өзі болыпты. Әріптестерінің қолқалауымен сол жиында алқалы топ алдына да шығып, толғана сөз сөйлеген.

Осының бәрін ол бізге де қуана әңгімелеп берді. «Соншама көп ақшаны қайда, қалай жараттың?» деп қалдық қарап тұрмай. «Ата-енеме бердім». Дерін деді-ау. Сол сәтінде-ақ жүзі алаурай күреңітіп кетті. Иба сақтағаны ғой. Кейіпкеріміз мақтаулы мұғалім ғана емес, асыл жар, ағайынына, ата-енесіне сыйлы келін де екен. Жолдасы Еркін екеуінің орталарында Камила атты қыздары өсіп келеді. Оның күллі өмір-дерегі бар-жоғы сиыр тіліндей ғана қағазға сыйып тұр. Жуалы ауданында туып-өскен. Сонда мектеп есігін ашыпты. Жетінші сыныптан бастап облыстық «Дарын» мектеп-интернатында оқиды. Бертінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне түседі. Мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітірген. Ал бүгінде Тараз қаласындағы облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепте ұстаздық етеді екен. Ақпараттық-коммуникативті, интерактивті технологияларды жетік меңгерген жаңашыл ұстаз. Төрт жүзден астам оқушы оқитын шағын жиынтықты бұл мектепке мұғалімдікке тек таланттылардың ғана таңдалынып алынатыны белгілі. Оқушы кезінің өзінде түрлі деңгейдегі сайыстардың алдын бермеген Мейрамкүл одан бері де талай додаларда топ жарумен келеді. Әр жылдарда «Алтын диск-2011», жаратылыстану- математикалық пәндеріне арналған «Үздік On-Line сабақ», «Үздік авторлық бағдарлама» байқауларының облыстық кезеңінде бірінші, республикалық кезеңінде екінші жүлделі орындарын еншілепті. Магистратурада оқып, физика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесіне де ие болған. Бүгінде ғылыми ізденуші ретінде информатикалық технология саласын ізерлеп зерттеумен айналысуда. Жуырда Тәуелсіздік мерекесіне орай Мейрамкүл «ғылым» аталымы бойынша облыс әкімінің сыйлығын да алды. Еңбексіз, ізденіссіз бір күні жоқ оның. Тау секілді өр, асқақ, тау секілді қайсар, өжет. Олай болуы да заңды. Тауда туғандар тауға қарап өседі ғой, өйткені...

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».