Қылмыс хроникасы
Қылмыс хроникасы
3 миллион теңгеге несие рәсімдегенЖуырда Тараз қалалық полиция басқармасына 37 жастағы жергілікті тұрғын шағыммен жүгінеді. Ол өз шағымында белгісіз тұлға банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атынан 2 840 000 теңге көлемінде несие рәсімдегенін, содан кейін ол қаражатты букмекерлік қосымшаның есепшотына аударғанын хабарлады. Жәбірленуші оқиға қарсаңында облыс орталығындағы кафелердің бірінде демалғанын айтады. Есеп айырысу үшін ақшасы жетпей, өзінің ұялы телефонын кепілге қалдырып, кейін оны ұмытып кеткен. Кепілге қалған телефоны арқылы банктің қосымшасына кіріп, өз атынан үлкен көлемде несие рәсімделгенін білген.
Бүгінде аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы кафенің 20 жастағы қызметшісін анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.
Елорда тұрғынын құрықтады
48 жастағы тараздық тұрғын тәртіп сақшыларына шағыммен жүгініп, өзінің алданып қалғаны жөнінде хабарлаған. Азаматша интернеттегі алаяқтардың құрбаны болғанын және Instagram әлеуметтік желісінде Чехияға жұмысқа қабылдау туралы жарияланымды көргенін айтқан. Ол сілтеме бойынша өтіп, оған әлеуетті «жұмыс берушілер» қоңырау шалып, құжаттар мен жұмысқа рұқсат беру үшін 500 мың теңге төлеу керектігін жеткізген. Жәбірленуші ақшаны көрсетілген шотқа аударғаннан кейін байланыса алмаған.«Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыстық полиция департаментінің «Киберпол» арнайы тобының және Тараз қалалық полиция басқармасының қызметкерлері 27 жастағы елорда тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам кінәсін толық мойындады, тергеу жалғасуда», дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шетелдік автокөліктерді заңдастыруға уәде берген
Облыс тұрғындары шетелдік автокөліктерді заңдастыруға уәде берген адамға алданып қалды. Бұл туралы полиция бөліміне екі жәбірленуші шағымданған. Олардың айтуынша, белгісіз ер адам оларға шетелдік көлік құралдарын есептен шығару қызметтерін ұсынған. Жәбірленушілердің көліктері Қазақстан Республикасының аумағына 2023 жылы, яғни рұқсат етілген мерзімнен кейін әкелінген. Күмәнді қызмет үшін ер адамдар 1 миллион 500 мың теңгеден астам ақша берген. Олар соңғы сәтке дейін күтіп, алаяқтың айла-амалдарына түскенін білмеген.Ал, жалған қызмет беруші есептен шығару үшін олардан көлік құралын тіркеу туралы куәліктерін сұраған және дайын құжаттар 2 аптадан кейін келеді деп уәде берген. Нәтижесінде қолма-қол ақша алғаннан кейін, ол уәде етілген жұмысын әртүрлі сылтаулармен кейінге қалдырып, заңдастыру қызметінің аяқталуына қарамастан, көліктерді рәсімдейтініне сендірген. Осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері бұрын сотты болған 33 жастағы жұмыссыз облыс тұрғынын анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кету керек, шетелдік автокөліктерді заңдастыру Қазақстан Республикасында 2023 жылдың қаңтарында басталып, өтінімдерді қабылдау 1 шілдеде аяқталды.
Тұрмыстық заттар ұрлаған күдікті ұсталды
Тараз қалалық полиция басқармасының 1-полиция бөліміне 27 жастағы қала тұрғыны үйінен тұрмыстық заттарының ұрланғандығы туралы хабарлады. Өз шағымында ол үйінде құрылыс жұмыстарының жүргізілгендігіне байланысты ешкім тұрмайтынын және Қытай, Өзбекстан, Түркия Республикаларына барып, арнайы сатып алған бағалы заттарының үйден ұрланғанын айтты. Келтірілген шығынның көлемі 4 миллион теңге.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ал, жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 44 жастағы көрші мемлекеттің азаматы анықталып, ұсталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Есен ӨТЕУЛІ.