Денсаулық

Қой тұқымын асылдандырған азамат

Қой тұқымын асылдандырған азамат

Кеңес үкіметі кезінде асыл тұқымды қой өсіру шаруашылығымен абыройлы аты асқақтаған Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ ауылының тұрғындары қазір де мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ, дәл сол кездегідей болмағанымен әркім өз шамасына қарай мал бағады. Ауыл тұрғындарының ішінде Ерлан Сұраубекұлы қой тұқымын асылдандыруды көздеп, бойы биік әрі етті қошқар бағуды кәсіп еткен.

Осыдан үш жыл бұрын «Ерлан» шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды қошқар сатып алған. – Негізгі мақсатым – ауылымыздың бұрынғы асыл тұқымды қой өсірген шаруашылығының ізін жалғау. Ақыры мал баққан соң өнімді, табысты болса деген оймен селекцияны көздедім. Мысалға айтсақ, көбіміз асырайтын өз қойларымыздың ең ірі деген қошқарларының өзі ары кетсе 100 килограмм салмақ тартады. Ал, мен асырап отырған пародалы қошқар 200 килограмм ет береді. Бұл кәдімгі гиссар мен арашан екеуінің қосылып, шыққан еврейт тұқымы. Шымкент қаласынан сатып әкелген бұл қошқарымды хан деп атап, ерекше күтіммен бағып отырмын. Тіпті, еркелете отырып, адам тілін түсінуді үйретіп жүрмін, қазір бұйрығымды дәл орындайды. Негізі Шымкенттегі қой тұқымын асылдандырумен айналысатын Бахтияр Бабажанов деген ағамыз бұл қошқардың тегін Ауғанстаннан әкеліп, өзіміздің гиссар қойына қосып, осы еврейт қозыны алған. Бұның тегін салмағы 210 килограмм, ал бойы 1,7 сантиметр болған. Сол қошқар алдыңғы жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы арасында өткен қой тұқымының жарысынан ІІ орын алды, салмақ, бой бойынша. Сұлулығы да көзтартарлықтай. Соған қатты қызығып, соның қозысы осы ханымды 2 мың АҚШ долларына сатып алдым. Мен алғанда 10 айлық еді, қазір бір жарым жасар. Жеңімпаз болар деген үмітпен алдым, шынында. Содан бері әлгіндей қой пародасын салыстыратын көрмелерге қатыстырып келемін. Шүкір, бүгінге дейін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы арасындағы жарыстан ІІ орынды алды. Өзіміздің Жамбыл облысы бойынша І орынды олжалады, салмақ жағынан ІІІ орыннан көрінді. Осы қошқардың жүлдесімен кубоктар, дипломдар, қаржылай сыйақыларды қанжығама байлап келемін, шүкір, – деген жас малсақ жігіт Ерлан бізге жүлделерін көрсеті. Көптеген дипломдардың ішінен өзі атамаған бір жүлдеге көзіміз түсті. Онда «Халықаралық қой көрмесінде қозы тісті номинациясында «Биік бой өлшемі» бойынша ІІ орынмен Ерлан Сұраубектің «Хан» қошқары марапатталады» деп жазылыпты. Мұндай байқаулар халықтың тек мал бағумен ғана шұғылданбай, тұқымын асылдандыруға ынталануын көздесе керек-ті. Сол мақсатта еңбектеніп жүрген шаруа Ерланның айтуынша, былтырғы көрмеде біздің елден шыққан «Миллион» атанған қошқар 223 килограмм салмақ көрсетіп, рекордтар кітабына еніпті. – Қазір осы ауылдағы қой өсірген шаруалар өз отарларына қошқарымды қосып, тұқым алуды бастап кетті. Бұйыртса, енді 4-5 айда осы ауылдан да еврейт қошқардың қозылары туылып қалады. Осылай, біздегі қойлардың тұқымын асылдандыруға еңбектенудеміз. Өз аймағымызда қой тұқымын асылдандырып, мал шаруашылығының сапасын арттырғым келеді. Өзім де Қырғызстаннан арашан тұқымды қой алғанмын, соларға осы қошқарды қосып, еврейт тұқымды қозы алғалы жүрмін, бұйыртса. Тіпті, осы қошқарды өзім сатып алған бағадан жоғары ақыға сұрағандар кездесті. Бірақ, сатқам жоқ, себебі менің мақсатым бар. Ағама да осындай қошқар сатып әкеліп бергенмін, жақында ғана соны 800 мың теңгеге Қырғызстаннан келіп, сатып алып кетті. Жалпы, қой бағатын шаруаларға қарапайым тұқымынан отар-отарын баққаннан гөрі осындай элита пародалысынан оншақтысын ғана ұстаса, мол табыс алатынын айтып, кеңес бергім келеді. Саннан сапаға өту керек. Мұндай қойды сойса да мол ет береді, қозысының өзі елу килограмм тартады. Осы хан қошқарым он айлық кезінде салмағы 120 килоргамм тартқан, сойғанда 60-70 килограмм ет берер еді. Өзіміздің еділбай қошқардың екеуі беретін етті осы еврейт қошқардың біреуі-ақ береді. Бірақ, жейтін жем-шөбі сол өзіміздің қарапайым қойлардың жегеніндей ғана. Сонда ойлаңыз, жүз басқа жинаған жем-шөбіңізге қарапайым қой баққан тиімді ма әлде асыл тұқымдысын бағып, екі есе ет алған жақсы ма? Ет бағытында мал баққан шаруалар тұқымын асылдандыруға көшу керек, – дейді еңбекқор Ерлан. Кішкентай күнінде әкесінің қасында жүріп мал бағуға бейімделіп өскен ол жеткіншек шақта ағаларына еріп, асыл тұқымды мал көрмелеріне барыпты. Етті, сүтті, құнды жүнді мал тұқымын тануды меңгеріп, мал дәрігері болуды мақсат етеді. Бірақ, дәл сол мамандықты меңгермесе де мал тұқымын асылдандыруға қызығып, өз шаруашылығын осы бағытқа бұрған. Хан атаған қошқарын жақсы көргені соншалықты, оны сусабынмен жиі шомылдырып тұрады екен. «Шомылдырған сайын жүні жылтырап, ширатыла бұйраланып, көзге сүп-сүйкімді көрінеді. Есіктің алдында жайылып жүргенінің өзінде бойы биік, денесі қоңды, жылтыр жүнімен көз тойдырады. Жем жегеніне де тамсанып қараймын, бұйыртса, осы бір қошқармен-ақ шаруа қожалығымды дамытып, асыл тұқымын бүкіл облысымызға тарататын боламын әлі», деген шаруа жігіт өз ісіне берілгендігін байқатты. Еңбекқор жігіттің талабына қарап, табыскер боларына сендік.  

Қамар ҚАРАСАЕВА