Жаңалықтар

Тәуелсіздік тарихының тағылымы

Тәуелсіздік тарихының тағылымы

25 қазан – Республика күніне орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті. Аталған іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жамбылдықтарды ұлттық мереке күнімен құттықтады.

– Баршаңызды елдігіміздің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күні мемлекет ретінде қалыптасуына бастау болған Егемендік туралы декларация қабылданды. Еліміз дербес мемлекет ретінде дүниежүзіне таныла бастады. Әлем картасында Қазақстан Республикасы деген ел пайда болып, еліміздің егемендігі мен территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Әрбір халық үшін азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр болмаса керек. Ел тағдырына күн туған сәттердің бәрінде қазақ халқы бір тудың астына бірігіп, тағдыры үшін аянбай күрескені – бұл да тарихымыздың тағылымы. Осы бір қастерлі құндылыққа ұмтылу, еркіндік үшін күресу – тәуелсіздігіміздің тарихи бастаулары болғандығы белгілі. Тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымыз мемлекеттігіміздің іргетасы десек, әлемдік аренада Қазақ елінің мәртебесін арттыру – болашақ үшін аса маңызды қадам болмақ. Бүгінгі әділетті Қазақстанның парасатты ұрпақтары жауапты кезеңде тұр. Әлемдегі даму үрдісіне назар салсақ, экономиканың бағдары өзгеріп, табыс көзі табиғи байлықтан ғылыми технологияға ауысып барады. Ал, ақпараттың сан тарауы мен жылдамдығы күннен күнге артып келеді. Сондықтан, келешек ұрпақтың адал, саналы болып өсуіне баса назар аударылуда. Осы ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соңғы Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан, біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз», – деді. Бұл қадам бәріміз үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Баршаңызды елдіктің еңселі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Егемендігіміз еңселі, елдігіміз ғұмырлы болсын! – деді Ербол Қарашөкеев. Бұдан кейін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалармен қатар басқа да марапаттар тапсырылды. Бұл ретте аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен белгіленген «Парасат», ІІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары мен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі, Алғыс хаты мен Құрмет грамотасын өз иелеріне табыс етті. Сондай-ақ, бұл күні бірқатар азаматтар «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі мен Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Салтанатты іс-шара соңында облыс өнерпаздары жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.  

Есен ӨТЕУЛІ