Әдебиет

Тарландар елі

Тарландар елі

Жемісі шырын мәуелі, құдды өрік талдай, Қызыға қарап қағатын жұрт көріп таңдай. Тарландар менен тарпаңдар тізіліп шыққан, Топырағыңның қуаты мықты еді қандай?! Түбіңді сенің тарихтан толғай тартқаным, Ақтаңдақтардың ақтардым талай қатпарын. Иір де иір құмыңнан іздерін көрем, Ізгілік жолын іздеген Шоқай датқаның. Ғажайып кие тілі емес, діліне жұғып, Ғаламның сырын аспаптың үнінен ұғып. Ықылас қобыз шалғанда адамзат түгіл, Аң екеш аң да тыңдаған інінен шығып. Ұлылық сырын өзіңнен ұғайын дала, Соноу бір жылдар... артқанда уайым-нала. Алыста жатып анадай рух берген сенсің, Сүлейменнің ұлы сұр мерген Ыбырайымға да. Топырақ, кие, қасиет қанда тоғысқан, Көгіңнең сенің бір аққу самғап-ол ұшқан. Сембиннің салған әніне Ла-Скаладағы, Ақсүйек, дегдар Еуропа риза болысқан. Сезімді тербеп, тартатын назды әлеміне, Жақанов сені бақытқа аз бөледі ме?! Қамысы сыңсып ән салса Жайлаукөл жақтың, Сексеуілдер де ырғалар сазды әуеніне. Ұлың бар тағы тағдырлы, айбыны берік, Феникс құстай түлеген қайғыны жеңіп. Алаң боп елі күтеді Асанәлісін, Қуантар екен деп бізді қай күні келіп. Талант барда тартылмас ардың арнасы, Өзіңнен шықты жарқырап жырдың алмасы. Тарпаң тұлғалы төл балаң – Маралтай ақын, Зау тұлғалардың осынау заңды жалғасы! Жемісі шырын мәуелі құдды өрік талдай, Қызыға қарап қағатын жұрт көріп таңдай. Тарландар менен тарпаңдар тізіліп шыққан, Топырағыңның қуаты мықты еді қандай?!

Аян ШОРАЕВ, байқау жеңімпазы.