Балалар шаттыққа кенелсін!
Балалар шаттыққа кенелсін!
Барлық бала Жаңа жыл мерекесін асыға күтеді. Әсем безендірілген жасыл шырша, тосын сыйлықтар, тәтті торт бәрі бар. Бір күнде әр бала жайшылықта теледидардан ғана көретін ертегі кейіпкерлеріне айналып шыға келетіні, сөйтіп өз армандарына қол созғандай болатыны тіптен қызық. Бұл мерекені сол үшін сағынады. Сондықтан, әрбір ата-ана өз перзентінің мұндай салтанаттан шеттеп қалмағанын қалайды. Облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары құрған «Батыл ана» қоғамдық ұйымының да көздегені осы.
«Барлық бала шаттыққа кенелсін!» деген бастамамен ұйым биыл да мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңажылдық тосын сый жасады. Мереке қарсаңында мүгедек балалар мен олардың ата-аналарын лимузин көлігімен Тараз қаласының көрікті жерлерін аралатып, облыстық драма театрында қызықты шоу ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді екен. «Бірінші жылы ұйымдастырған шараға мүгедек балалардың ата-аналары өздері демеуші болды. Екінші жылы өткізгенімізде бұл бастамаға үн қосушылар табылды. Міне, биыл демеушілер сонау Алматы қаласынан шығып отыр. «Періштелердің жаңажылдық ертегісі» аталатын мерекелік шараны ұйымдастыруға «Гранд» фирмасы мен облыстық қазақ драма театры қолдау көрсетіп отыр. Лимузин көліктерінің егелері де он машина бөліп, қолдан келгенше көмектерін аяған жоқ», – дейді қоғамдық ұйымның мүшесі Светлана Айтбаева. Бұл шараға жүзден астам мүмкіндігі шектеулі бала қатысты. Жаңажылдық серуен, облыстық драма театрларының актерлері сахналаған ертегі қойылымы, мерекелік шоу балғындарға шаттық сыйлады. Аяз атадан алған сыйлықтар олардың көңілдерінен шыққандай. Бәрі үйлеріне шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Тараз.