Денсаулық

Қолөнер құндылығын дәріптеген отбасы

Қолөнер құндылығын дәріптеген отбасы

Табыс табудың қандай түрі де өркендеуге бастайды. Осыны жақсы түсінген жуалылықтар өнім өндірудің сан салалы жолдарын қарастырып, өз кәсіптерін жолға қоюда. Соның бірі – қолөнермен айналысатын «Рахманқұлов Д.Н» жеке кәсіпкерлігі. Аталған қолөнер цехы Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан.

Қолөнер шеберлерін іздеп, Қайрат ауылына бардық. Цех жетекшісі Диас Рахманқұлов біздерді жұмыс барысымен таныстырды. Қолөнер ата кәсіптері екен. Әкесі Нұрғали Рахманқұлов та бір кездері осы жұмыспен айналысып, бірқатар сұраныстарды орындаған. Әкесі қолөнер жұмысымен 10 жыл бойы шұғылданған. Бұл күнде қолөнер шебері Нұрғали қария бақилық болған екен. Дегенмен, оның ісін ұрпақтары үзіп алған жоқ. Ал, 2016 жылдан бері бұл цехтың жұмысын Диас Нұрғалиұлы жалғап келеді. Мұнда сырмақ, жайнамаз, кілем, оюлы кілемшелер дайындалады. Ең бастысы – белгілі тұлғалардың портреттері бейнеленген кілемдер мен кілемшелер. Тапсырыс берушінің сұранысына қарай ол өнімдер үлкен немесе орташа, кіші көлемде де шығарылады екен. Осы кезге дейін Жамбыл Жабаев, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Асанәлі Әшімов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова секілді даңқты адамдардың портрет-кілемдері жасалған. Бір портрет-кілемнен 50, 100 данаға дейін тапсырыс түседі екен. Олардың 50 дана кілемді 8-9 күнде дайындап беруге мүмкіндіктері бар. Цех үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл іске Диастың жұбайы Әсем Рахманқұлова да өз үлесін қосып келеді. Отбасының мүшелері ынтымақпен жұмыс істеп тұрған соң, цехтың жұмысында серпіліс бар. Аталған цехтың өнімдері облыс аумағынан асып, қазақ еліне кеңінен таныс. Бұл цехқа өзге облыстардан арнайы келіп тапсырыс беретіндер көп. Бұл қазақ елінің бүгінгі ұрпақтары да қолөнерді құрметтейтінін көрсетеді. – Әкеміз қалыптастырған цех – біз үшін қымбат. Қазіргі таңда біз атадан мұра болған өнерді дамыту жолында тер төгіп келеміз. Қазір тойда бата берген ақсақалдарға шапан орнына жайнамаз беретін жақсы дәстүр шықты. Соған байланысты жайнамаз түрлерін көбейтіп шығарып отырмыз. Бізге портреттер бойынша да сұраныс көп. Алдағы уақытта цехтағы өнім көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – дейді Диас Рахманқұлов.  

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы