Денсаулық

Кәсіптен тапқан нәсібін

Кәсіптен тапқан нәсібін

Ел экономикасының еселенуінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің маңызы ерекше. Бұл бағытта мемлекеттік жобалардың көмегі халыққа көп демеу беруде. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл көншітеді. Озық кәсіпорындар – өркендеу негізі. Ісін ілгерілетуге қабілетті өндірістің бірі – Бауыржан Момышұлы ауылындағы «AQ MOL-2025» cүт өңдеу цехы. Бұл кәсіпорын туралы баяндағанда әріден қозғамаса болмайды. Цехты Орынбасар Мешелов 2000 жылдардың басында ашқан. Ол кезде «Мешелов» деп аталған. «Мешелов» цехы да аудандағы таңдаулы өндіріс орнына айналып, жемісті жұмыс істеді. Қазіргі таңда «Мешелов» өндіріс орнының негізінде «AQ MOL- 2025» cүт өңдеу цехы қайта құрылған. Цех басшысы біз атап өткен Орынбасардың баласы – Қуаныш Мешелов. Бұл азамат кезінде мемлекеттік қызметте де біраз ысылған. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын жақсы біледі. Жұмысты қалай жүргізу керектігін, қандай мәселені шешу керектігін көңілге түйген азамат. 2016 жылы ашылған кәсіпорынға Болгария, Түркия мемлекеттерінен заманауи құрылғылар әкелінген. Сол құрылғыларды меңгеруге қабілетті мамандар да жеткілікті. Осыдан 7 жыл бұрын бұл цех тәулігіне 9-10 тонна сүт қабылдап, өңдей бастаған. Ал, биыл жаз айларында 28 тоннаға дейін өнім қабылдай алады. Күз айы болғанына қарамастан тәулігіне 12-13 тонна сүт өңделіп жатыр. Бұл, әрине, көңіл қуантатын көрсеткіш. Аталған цехта ірімшіктің 10-нан астам түрі шығарылады. Атап айтқанда, «Голландский», «Костромской», «Сулугуни», «Сливочный», «Моцарелла», «Брынза», «Плавленый», «Гауда», «Фасованный» түрлері әзірленіп, тапсырыс берушілерді уақтылы қамтып отыр. Сүзбе, айран түрлеріне де сұраныс жоғары. Цехтың тасымал жұмысы 3 техникамен Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларына өнім жеткізеді. Ал, астаналықтар тапсырыстарын өз көліктерімен алып кетуге келіскен екен. Сыйымдылығы 100 тоннаны қамтитын 5 салқындатқыш, 40 тонналық екі мұздатқыш жұмыс істеп тұр. Осында 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, олардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Цехтың жұмыс барысын аралап көрдік. Мәселен, ірімшік дайындаудың шебері Жанет Фолошня, басқару аппаратының маманы Валерий Стрельников өнімді жұмыстарымен өзгелерге үлгі. Ал, сүзбе ірімшігін дайындау шебері Алтынай Шағанбаеваның да, жұмысшы Ирина Белогияньның да тындырымды жұмыстарына қызығатын жандар көп. Жұмысы өнімді аталған қызметкерлердің жалақысы да едәуір жоғары. «AQ MOL-2025» өнімдері еліміздің әр аймағына кеңінен таныс. Аталған өндіріс ошағының еліміз бойынша 25 өткеру нүктесі бар. – Барлық жетістік пен танымалдылық еңбектің нәтижесімен келеді. Кәсіпорынның жұмысын жолға қою үшін барлық тиімді қадамдарға бардық. Уақытпен санасқан жоқпыз. Қымбат қондырғылар сатып алдық. Жұмысшыларға жағдай жасадық. Әлі де жаңа тәсіл, жаңа мүмкіндіктерді үйренуден жалыққан емеспіз. Біздегі оператор, инженерлер, технологтар, зертхана мамандары – өз ісінің шеберлері. Цех ашылғалы бері тұрақты жұмыс істеп жатқандар бар. Біздің өндірісте қаншалықты ұзақ жыл істеген сайын олардың табысы да, оларға көрсетілетін материалдық қолдау да арта береді. Біздің мамандар мен жұмысшылар осыны жақсы түсініп отыр. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыру, цехты ұлғайту, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауды жүзеге асыру ойымызда бар, – дейді кәсіпорын басшысы Қуаныш Мешелов.  

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы