Тағдыршешті тарихи қадам
Тағдыршешті тарихи қадам
«Қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі тура лы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап өткендей, бүгінгі ұрпақ өз тәуелсіздігінің іргетасын үлкен перзенттік парасатпен қалағаны шындық. Һәм сол шаңырақтың шыңға өрлеп, қазақ ұлысынан Мәңгілік ел ұлттық идеясының бастау алуы да тегін емес. Мұның барлығы әу бастағы бекзат бабалардың даналық сертімен, өнегелі өсиетімен өрнектеле үндесіп жатыр. Қазақ ертегілерінің түп-төркіні һәм бастауы болған Ер Төстіктегі Самұрық құсының өзі түркілердің ең алғашқы тотемдерінің бірі болғаны жалпы тарихтан белгілі. Ал, алып Бәйтеректің өзі бүгінгі бас қаланың басты символына айналды. Тәуелсіз қазақ елінің ұрпағы көгінде қалықтап, байрағында желбіреген, күн тәжін киген қырандай самғап, алтын ұя – ұлан-ғайыр ұлы даласының тыныштығын, берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын күзетіп жүргендей. Ел тарихындағы әйгілі ғұлама, ғалым Әбу Насыр әл-Фараби өзінің бір трактатын «Қайырымды қала тұрғындары туралы» деп атағаны белгілі. Онда әл-Фараби: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам», деп терең тұжырып жасайды. Бабамыздың айтуынша, кез келген қоғам қайырымды, мейірімді, көрікті, тартымды болуы үшін оның сыртқы бейнесінен бұрын ақылды да парасатты басшысы һәм мәдениеті мен әдебі биік халқы болуы қажет. Сонда ғана ол қоғам кісі өмір сүруіне жайлы, ұрпақ өрбітуге қолайлы ортаға айналмақ. Он екінші ғасырда ғұмыр кешкен, ойшыл-ғұлама, абыз шайыр Қожа Ахмет Ясауи өзінің хик¬меттерінде қай елді мекен болмасын, онда тұрып жатқан халық та, билік те, ең алдымен, иманға ұйып, имани қалпын сақтап, бір-біріне қиянат пен кесірлік, зұлымдық пен залал жасаудан аулақ жүруді өсиеттеп, имандылықпен қатар өзінің ежелгі әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаған һәм асыл құндылықтарды өскелең ұрпаққа аманаттай білуін қалаған. Кешегі дуалы ауыз дала философы Асан Қайғының іркілмей іздеген Жерұйығы да осындай қоғам еді. Шүкір, бүгінде тәуелсіз мемлекетіміз әлемдік арағайындықтың алаңына, қайырымдылықтың қамалына, саяси, рухани, экономикалық толқындарды тоғыстырған ұлттық жігердің арнасына, оғлан ұрпақтың ордасына айналды. «Менің арманым елімнің басын теңдікке, қолын билікке, тақымын атқа, аузын аққа жет¬кізу», деген Абылай ханның да арманының орындалғанына бүгінгі қазақ ұрпағы куә. Әрине, қарт тарихтың әр әжімін тінтіп, қоламтасын қопарудың қажеті жоқ деуге де болмас. Дегенмен, бізде мақтануға да, мұңаюуға да, жұбануға да, рухтануға да тұрарлық тағдырлы тарихымыз бар. Оны ешкім де, ешқашанда жоққа шығара алмайды. Ол тарихты біздің ұлыстың маңдайына жаратушының өзі жазған. Бүгінде сол киелі пешене шындыққа, көз сеніп, көңіл марқаятын ақиқатқа айналды. Кешегі «қара қазан, сары баланың қамы» бұл күнде дамыған дара қоғам болып, адамзат тарихының атасы Геродоттың жазбаларында «сақ» деп таңбаланған, ежелден еңселі егемен ел болуды армандаған ұлтымыз Мәңгілік елдің бағы туралы ұрандата сөз сөйлейтін риясыз халге жетті. Ата-бабалардың арманда кеткен ақ сәулесі ұрпақтың бесігіне жылу төгіп, азаттықтың ауасымен тыныстауда. Расымен де күнде көріп жүргендіктен таудың да биіктігі байқалмауы мүмкін. Алайда ол тауды биіктетіп тұрған бабалардың топырағы екенін де басқан әр ізімізде сезіну біздің сол, маңдайға жазылған міндетіміз. Қазіргі қоғамның көз үйренген картинасында мерекелік іс-шаралар, марапаттар мен жүлделер, күйбең тіршілік, білім, ғылым, өнердегі бәсекелестіктің бояуы басымырақ. Алайда, осының барлығы тек тәуелсіздіктің арқасында өтіп жатқанын аңғара бермеуіміз мүмкін. Тәуелсіздік болмаса өнердің де, кәсіпкерліктің де, ән мен күйдің де, жыр мен бидің де, арман, мақсатыңның да, жоспар, жұмысыңның да өткені түгіл, бүгіні мен болашағы жоқ екені жасырын емес. Сондықтан, тәуелсіздіктің қадірі бөлек, киесі алабөтен. Түсінгенгеғ тәуелсіздіктің әр күні мереке. Қазіргі таңда тарихымызды түгендеп, өткенімізді өнегеге айналдырып, өскелең ұрпаққа өсиеттеп-ақ келеміз. Бағзыда ұлтты қалыптастырып, бес жарым ғасырдан астам уақыт бұрын хандықтың алтын қазығын алғаш қаққан Әулиеата топырағында сонау ұлы даланың жеті қырына айналған, болат балқытып, шойын сапырған бабалардың аң стиліндегі бес қаруын мақтан етуден алдымызға жан салмай келеміз. Әрине, жәдігерлер арқылы көне тарихты растай отырып, ұрпақ тәрбиелеудің ол да бір тағылымды тәсілі. Дегенмен, сол тас тілген алдаспан, сауытбұзар жебелер, ұшар басына қара бұлт байланған найзалар не үшін жасалды? Бабалар неліктен соғыс қаруларына бар өнерін салып, түз жүйрігін ен далада алғаш ерттеп мініп, қолға үйретті? Сол кездегі соғыс қарулары, бұл замандағы жәдігерлер қандай мақсатта өмірге келді, өркениет қалыптастырды? Соғысу үшін деу оңай. Не үшін соғысты? Парадокс шындық – ынтымақ, бейбітшілік үшін соғысты. Қазақтың отыздан астам ханы ең басты мәселе – жердің кеңдігі мен елдің егемендігі жолында тақтан емес, аттан түспей ғұмыр кешті, ақтық демін тауысты. Сол аң стилінде тау еркесі арқар, аспан төресі қыран, дала сесі бөрі, шың серісі барыс, осының барлығы да еркіндікті аңсаудан бедерленді. Түркі халқы үшін күн, түн ұйықтамай ұлы даланың рухына айналып кеткен Тоныкөк, Күлтегіннің қаны, мәңгі мұраты уақыт арнасымен осылайша ұрпақтан-ұрпаққа дарып, тамырына тамып, дауылға діңін тосып, боранға бас имеген ерлік бәйтерегін биіктете берді. Халқын азат ету үшін абақтыдан аруақ болып бір-ақ шыққан арыстандар – Алаш арыстары, елге атылған оққа жүрегін тосқан жолбарыстар – желтоқсан жауқазындары, рухтардың сүрлеуіне айналған «тар жол, тайғақ кешу» осы тәуелсіздікке алып келді. «Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар» деп аңыз тұлға Шерхан Мұртаза айтқандай, шүкір, бүл күнде обырлық пен озбырлықтың ордасын бұзып, оғлан ұрпақ Отанның үмітін сан салада абыроймен ақтап, ту ұстаған бабалардың сенімі мен сертін іспен дәлелдеуде. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», деп Әлихан Бөкейхан айтқан перзенттік парыз бен парасаттылық, уақыт талабы мен жауапкершілік бүгінде ел жастарының жүрек төрінен орын алғаны да көңіл қуантады. Өткені аяулы болған халқымыздың болашағы енді баянды болғай. Қазақ хандығының бес жарым ғасырлық белесі секілді тәуелсіздігіміздің де ғасырлық асуларын атап өтетін күнді ұлысымызға нәсіп етсін. Құтты болсын, мәртебелі Республика күні!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ