Халық игілігі үшін қызмет ету – басты міндет
Халық игілігі үшін қызмет ету – басты міндет
Бүгінде әрбір кәсіп иесінің белгілі мерекесі бар. Сол сияқты әлеуметтік сала қызметкерлерінің де мерекесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленген болатын. Содан бергі уақытта бұл атаулы күн атаусыз қалған емес. Бұл – осы салада қажырлы еңбек етіп, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетіп, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға қызмет етіп жүрген сала мамандарына деген биліктің зор құрметі, шынайы алғысының қайырымы деп білеміз. Бұл кәсіби мереке зейнеткерлерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, аз қамтылған отбасыларға, ата- анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмектесетін қадірлі жандарға арналған. Жалпы, біздің басқарма халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің жұмыстарын негізгі үш бағытта жүзеге асырып келеді. Олар – халықты жұмыспен қамту, «әлжуаз» топтарға әлеуметтік жәрдемақылар төлеу және мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. Ел тәуелсіздігімен қатар дамыған әлеуметтік саланың осы үш бағытында ауыр да қиын кезеңдерді бастан өткере отырып, қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес. Атап айтсақ, халықты жұмыспен қамту саласында сонау 1991 жылы «Жұмыспен қамтуда ықпал ету» мемлекеттік қоры құрылып, осы қорға мекемелер (бюджеттен қаржыландырылатындардан басқасы) еңбекақы қорынан 3 пайыз мөлшерінде міндетті жарналар аударып тұрған болатын. Бірақ, Кеңес Одағы ыдырағаннан соң, көптеген мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыстарында қиыншылықтар орын алып, тиісті жарналар қорға уақтылы аударылмады. Осының салдарынан сол кезеңдегі заңнамада көрсетілген жұмыссыздарға төленетін жәрдемақылар төленбей, берешек қарыздар жинақталып, жұмыссыздық белең ала бастады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығын және жұмыспен қамту саласын реттеуде 1991 жылдан бері негізінен халықты жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламалары жүзеге асырылып келгенімен, олар да мәселені толық шеше алмаған еді. Осы қордаланған мәселелердің шешімі ретінде 1999 жылдың 4 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Жұмыспен қамту туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, 2000 жылдан бастап жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы тоқтатылып, кедейшілік деңгейінен төмен тұратын жұмыссыздарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ал, басқа жұмыссыздарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту мақсатында «2000-2002 жылдарға арналған Жамбыл облысында жұмыссыздық және кедейшілікпен күрес» бағдарламасы қабылданып, жұмыспен қамту жүйесінде жоспарлы іс-шаралар қолға алынды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 1999 жылы 14,6 пайыз болса, ол 2002 жылдың қорытындысымен 12,3 пайызға дейін төмендеді. Жалпы, 2000 жылдан 2010 жылға дейін жұмыссыздықты төмендету бойынша кезең-кезеңімен 4 бағдарлама жүзеге асырылды. Осы жылдары 70 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жыл сайын 15 мыңнан астам адам маусымдық жұмыстарға тартылды. 2008 жылы басталған экономикалық дағдарыс кезеңінде еңбек нарығы жағдайды шиеленістірмеу мақсатында жүзеге асырылған «Жол картасы» аясында 2009-2010 жылдары 497 жобаны жүзеге асыруға 15,9 миллиард теңге бөлініп, 21545 адам жұмыспен қамтылды. Осының нәтижесінде, 2009 жылы жұмыссыздық деңгейі 2008 жылғы 6,5 пайыз деңгейінде тұрақтанса, 2010 жылы 5,7 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді. 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап пилоттық режимде жүзеге асырыла бастаған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатын көздеді. 2011- 2016 жылдары бағдарламаға 35397 адам тартылып, атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2016 жылы жұмыссыздық деңгейі 2011 жылғы 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеді. Бизнес ортаны және халықты жұмыспен қамту мәселелерін түбегейлі жақсарту мақсатында 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту. Ал, оның негізгі міндеттері – еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылда және қалада микрокредит беруді кеңейту, жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру болды. Бағдарлама аясында 2017-2021 жылдары 69,3 миллиард теңге бөлініп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 241,5 мың адам тартылды, оның ішінде 181 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Соның ішінде осы аралықта 15986 адам түрлі жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарын аяқтап, олардың 58,6 пайызы жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша шағын несиелендіру – халықтың әл- ауқатын көтерудегі ең тиімді әрі өнімді құралдардың бірі. «Еңбек» бағдарламасы аясында 6093 адам 26 миллиард теңгенің шағын несиесін алды. Оларда қосымша 3594 жұмыс орындары ашылды. Осы бағыт аясында қайтарымсыз гранттар беру – шағын несие алуға кепіл мүлкі жоқ өз ісін жаңадан бастағысы келетін жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтар үшін әлеуметтік қолдаудың таптырмас құралы болып табылды. Барлығы 16956 адам 9,2 миллиард теңгенің қайтарымсыз грантын алып, өз істерін ашты. Шағын несие мен гранттар алушыларға «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқу басты талаптардың бірі болып белгіленді. 2017-2021 жылдары осы жоба аясында 15256 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Осы жылдары Жамбыл облысынан солтүстік өңірлерге барлығы 853 отбасы, 2786 адам қоныс аударып, ол отбасылар толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидия төленді. Олар жалдамалы тұрғын үймен және жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағдарламасының осындай құралдарының тиімділігі ескеріліп, өткен жылдан бастап қолданысқа енгізілген Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба да осы жобаның аясында сәтті жүзеге асырылуда. 2022-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өткен жылы және биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 125790 адам тартылды. Олардың ішінде 86326 адам жұмысқа орналастырылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына – 2202, онлайн оқыту курстарына – 4257, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 29846 адам жолданды. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарының жаңа тетіктері қолданысқа енгізіліп, сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, еш жерде жұмыс істемейтін, кәсіби білімі жоқ жастарды қолдауға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 654 жас, зейнетке шығуға 6 ай қалған білікті мамандардан тәлім алу арқылы жастарды жұмысқа орналастыруды көздейтін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 62 жас, зейнет жасы алдындағы адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасымен 1061 адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 2239 адам, жастар тәжірибесіне 3974 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 19693 жұмыссыз тартылды. Бұл есептер бір қарағанда жай ғана сандар сияқты болып көрінгенімен, оның артында өз табысын арттырып, әлеуметтік хал-ахуалын түзеген, мемлекеттік саясатқа өз алғыстарын білдіріп отырған сан мыңдаған адамдың тағдыры тұр. Халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде еңбек рыногында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. «Еңбек» бағдарламасы басталғанға дейінгі 2016 жылмен салыстырғанда осы жылдың екінші тоқсанында әйелдер жұмыссыздығы 5,8 пайыздан 5,1 пайызға, жастар жұмыссыздығы деңгейі 4,3 пайыздан 3,5 пайызға төмендеп отыр. Сонымен қатар, осы аралықта өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың экономикалық белсенді халық санындағы үлесі 42,9 пайыздан 31,8 пайызға, жұмыспен қамтылғандар санындағы үлесі 45,1 пайыздан 33,4 пайызға төмендеді. Ал, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар ішіндегі нәтижелі жұмыспен қамтылғандар үлесі 65,3 пайыздан 94,3 пайызға артса, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар 34,7 пайыздан 5,6 пайызға дейін төмендеп отыр. Бұл да үлкен жетістік. Халықты әлеуметтік қорғау саласының және басқарма жұмысының бір бағыты – мұқтаж жандарға әлеуметтік жәрдемақылар төлеу. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері әлеуметтік қолдау жүйесінде бірнеше этаптағы реформалар өткізілді. 2002 жылдан бастап әлеуметтік көмектің бірнеше түрінің орнына кедейлік шегінен төмен отбасыларына отбасы мүшелерінің барлығын ескере отыра тағайындалатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. 2018-2022 жылдары атаулы әлеуметтік көмек 85262 отбасындағы 438969 адамға 37,3 миллиард теңге сомасында төленді. Биыл жыл басынан атаулы әлеуметтік көмек 7344 отбасындағы 38948 адамға 2,7 миллиард теңге көлемінде төленді. Атаулы әлеуметтік көмек (шартты ақшалай көмек) алушылардан 1904 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлесі 77,1 пайызды құрады. Осындай бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар 1039 отбасы 4879 адамға немесе 11 пайызға төмендеген. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар енгізіліп, ол кепілдік берілген әлеуметтік пакет ретінде беріліп келген болатын. Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардың ұсыныстары ескеріліп, биылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылданды. Монетизация АӘК алатын әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақшалай төлем түрінде жүзеге асырылуда. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты қажетті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік беруде. Жыл басынан АӘК алушы отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12144 балаға қосымша 360,4 миллион теңге төленді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 шілдеден бастап елімізде Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізіліп, соның негізінде аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар төлеу бағытында да түбегейлі оңды өзгерістер орын алуда. Атап айтқанда, осы салада Отбасының цифрлық картасы қолданысқа енгізіліп, жұмыс істеуде. Бұл карта – әлеуметтік мәртебесіне қарай кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы әрбір азаматқа ақпарат берудің құралы. Яғни, азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Осы Карта әлеуметтік көмек алатын азаматтарға тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Бүгінде облысымызда 45601 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде І топтағылар – 4361, ІІ топтағылар – 16794, ІІІ топтағылар – 17622 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6824 адамды құрап отыр. Бұл облыс халқының 3,7 пайызын құрайды. Басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде Әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мақсатында биыл 3,6 миллиард теңге бөлініп, тиісті аппараттар, бұйымдар алынуда. 2023 жылдың 1 қазанына әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 89,6 пайызды құрап отыр. Бұл республикадағы ең алдыңғы көрсеткіш (республикалық орташа көрсеткіш – 81,3%). Порталға 23003 өтініш тіркеліп, 20610 жанның өтініш қанағаттандырылды. Атап айтқанда, есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған 839 сурдотехникалық, көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге 1203 тифлотехникалық, баяу жүріп-тұруына арналған 877 кресло-арбалар, аяқ-қолды немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын 4174 протез-ортопедиялық бұйымдар мен денсаулық жағдайларын түзету үшін 3057 санаторлы-курорттық емделу жолдамалары берілді. Кейінгі жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020-2022 жылдары 101 орынға шақталған Талас, Т.Рысқұлов, Сарысу мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы, Талас ауданы Ақкөл ауылында 200 орындық жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар жағдайындағы орталығы және Қордайда 15 орындық зорлық- зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Бүгінгі күнге, мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтары Тараз қаласында және Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Талас және Сарысу аудандарында ашылған. Соңғы үш жылда аталған орталықтарда 909 бала оңалту шараларымен қамтылды. Соның нәтижесінде 185 балада оң нәтиже байқалды. Атап айтсақ, 18 бала өздігінен отырды, 19 бала еңбектеді, 24 бала жетек арбамен жүрді, 21 бала өздігінен жүрді, 45 бала сөйлей бастады, 58 бала өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйренді. Сонымен қатар, 1 бала колледжге оқуға түсті, 14 бала мектепке және 3 бала балабақшаға барды. Халықты әлеуметтік қорғау саласында осындай жетістіктерге салада жұмыс істеп кеткен ардагерлеріміз бен бүгінгі жұмыс атқарып жатқан әріптестеріміздің қажырлы еңбектерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Кәсіби мереке қарсаңында халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметіне өздерінің ұзақ жылғы еңбектерімен үлестерін қосып, кейінгі толқынға үлгі-өнеге бола білген ардагерлерімізге тағзым етеміз. Осы орайда, әлеуметтік қорғау саласында мамандығын мақтаныш санап, қалың елдің құрметіне бөленіп жүрген әріптестеріме әлеуметтік қорғау саласындағы қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдіре отырып, қыруар жұмыстардың ыстығы мен суығына төзіп, аянбай қызмет етіп келе жатқан оларға зор денсаулық, қиын да қастерлі қызметтерінде мол табыс тілеймін! Әріптестеріме әр күндері қайрат пен жігер берсін, өз міндеттерін жүзеге асыру үшін оларға шығармашылық талпыныс тілеймін.
Гүлдана ЖАУЫНБЕКОВА,
облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.