Он мыңнан аса ағаш отырғызды

Он мыңнан аса ағаш отырғызды
Өткен сенбі күні облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы экологиялық акция өткізді. «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» деп аталған акция Тараз қаласындағы «Тараз металлургия зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің санитарлық-қорғау аймағында ағаш отырғызу бойынша атқарылды. – Биыл Тараз қаласы мен аудандардың елді мекендерінде 205 мың дана ағаш отырғызу көзделген болса, бүгінге 150 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Қалған ағаш көшеттерін жыл қорытындысымен орындау жоспарлануда. Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру. Акцияға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы басқармалардың, департаменттің және инспекцияның қызметкерлері қатысты. Аталған іс-шара өскелең ұрпақты тазалыққа, тәртіпке үйретеді. Сол себепті де акцияға жастар қауымы да тартылды. Болашақ ұрпаққа таза табиғат әлемін қалдырамыз десек, әркім өз ісіне салғырт қарамауы керек, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Шапағат Ілес. Бұдан кейін осы отырғызылған ағаштарды суару және көшеттерді күту жұмыстары «Тараз металлургия зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінің күшімен жүзеге асырылады. Дәл осындай акция тек Тараз қаласында емес, облыстың барлық аудандарында да өткізіліп, шамамен 3629 адам қатысты. Қатысушылар жалпы 10 615 дана ағаш отырғызды. Бұл сандар тек мемлекеттік мекемелер тарапынан қосылған үлес. Бұдан бөлек, кәсіпорындар да, жекелеген тұрғындар да өңірімізде жасыл белдеу қалыптастыруға атсалысуда. Басқарманың бас маманы Шапағат Сәбитқызының айтуынша, табиғи ресурстарды молайтуға негізделген іс-шаралар әлі де ұйымдастырыла беретін болады.
Қамар ҚАРАСАЕВА