Әлеумет

Өрлік пен ерлік – өшпес өнеге

Өрлік пен ерлік – өшпес өнеге

Биыл Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Аумағы жағынан облыстағы ең шағын аудан болғанымен, қасиетті Жуалы топырағы күллі қазақ даласына қорған болған талай батыр тұлғалардың кіндік қаны тамған киелі өлке. Сондықтан да ауданның мерейтойы генералдардың алтын бесігіне айналған Жуалы халқы үшін тарихи маңызды сәт.

Мерейтой қарсаңында Халық қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев және ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы генерал-майоры Серікжан Қойбақов, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбие идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Қуаныш Мұсабековтың қатысуымен, «Ақсуат» және «Б.Момышұлы» шекара заставаларының жеке құрамымен сарбаздардың патриоттық сезімдерін ояту, Отанға деген адалдық, отансүйгіштікке баулу, жас ұрпақтарға үлгі-өнеге болатын ерліктері жайлы, үгіт насихат жүргізу мақсатында ақпараттық-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында жиналған сарбаздарды Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев құттықтап, игі тілегін жеткізді. Бақытжан Ертайұлы өз сөзінде қасиетті Жуалы ауданынан елге белгілі, қайраткер азаматтардың көптеп шыққанын мақтан тұтатынын айтып, қасиетті өңірдің мерейтойы тағылымға толы болуына тілектес екенін жеткізді. Ел қорғанында жүрген жаужүрек, қайсар мінезді шекара сарбаздарының рухын Жуалы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндерімен асқақтатты.  

Алтынбек МАНАРБЕКҰЛЫ,

Жуалы ауданы бойынша тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері.