«Қазақстан халқына»қорына тиісті қолдау көрсетіледі
«Қазақстан халқына»қорына тиісті қолдау көрсетіледі
Күні кеше өңірімізге жұмыс сапарымен келген аталған Қор басшысының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева жергілікті билік өкілдерімен кездесті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен жиында қоғамдық Қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары жөнінде кеңінен айтылды. Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде Қор қаралымына жетпіске жуық жоба ұсынылғанын жеткізді. – Ел Президентінің бастамасымен құрылған Қордың басты мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларымен қатар азаматтардың өміріндегі нақты проблемаларды оңтайлы шешуге қолдау көрсету. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында Қордың бастамасымен, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың атсалысуымен бірнеше жобалар сәтті жүзеге асты. Атап айтар болсақ, жалпы құны 4 миллиард теңгеге 33 жоба іске қосылды. Дәл қазір 30 жоба аяқталса, 3 жоба орындалу үстінде. Айта кететіні, біз Қор тарапынан сұраныс жасап отырмыз. Нақтылай түссек, жалпы құны 3,9 миллиард теңге болатын 69 жобаны Қор қаралымына ұсындық. Бұл мәселелер алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенеміз, – деді Нұржан Сәбитұлы. Мұнан соң, «Қазақстан халқына» қоғамдық Қор басшысының орынбасары Ләйлә Шыңғысбаева кез келген мәселе өңірдің өзінде шешілуі керек екенін атап өтті. Сөзінше, бұл ретте жамбылдық атқамінерлер өзгелерге үлгі болып келеді екен. «Ең алдымен, жамбылдық атқамінер азаматтарға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Жергілікті биліктің араласуымен Қорға байланысты туындаған көптеген мәселелер шешілу үстінде. Мәселен, бүгінгі таңда облыста әлеуметтік қолдау және оңалту, білім беру мен спорт нысандарының инфрақұрылымдарын іріктеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мәселен, Сарысу ауданы Саудакент ауылындағы Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы №4 «Үміт» арнайы мектеп-интернаты 28,8 миллион теңгеге жарақтандырылды. Алдағы уақытта жалпы құны 90,3 миллион теңгеге тағы 3 арнайы мектепті жабдықтау жоспарлануда. Айта кетейік, жамбылдық 1 науқастың Ресей Федерациясының клиникасындағы еміне 1,9 миллион теңге төленді. Сондай-ақ, қан тамырлы патологиясы бар 1 балаға ем жүргізілді, – деді Ләззат Алтынбекқызы. Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Қор жұмысына сәттілік тілеп, жергілікті билік өкілдері кез келген уақытта қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Есен ӨТЕУЛІ
Суретті түсірген Юрий КИМ.