Мәскеу метросында «Беймәлім Қазақстан» атты фотокөрме ашылады
Мәскеу метросында «Беймәлім Қазақстан» атты фотокөрме ашылады
Көрменің ашылуы Ресейдің «Выставочная» метро бекетіндегі «Метро» галереясында болады. «EXPO-2017» көрмесін насихаттау үшін ашылатын көрменің ұйымдастырушылары – Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры және Мәскеу метрополитені. «Көрменің мақсаты – Қазақстанның әралуандығын көрсету, оның әсемдігі мен шексіз әлеуетін паш ету Астанада өтетін халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесі үшін аса маңызды», – деп мәлімдеді баспасөз қызметі. Елшіліктің мәліметінше, фотокөрмеге қойылатын мақалалар мен очерктерге қажетті фото және бейне материалдарды алу үшін шығармашылық жобаға қатысушылар екі жыл ішінде Қазақстанның қорықтары мен тарихи жерлеріне саяхат ұйымдастырған. Олар еліміздің ұлттық мақтанышы әрі әлемдік мұраның бір бөлшегі саналатын табиғи және мәдени қазыналар туралы фото және бейнематериалдар жинады. Көрмеге барғандар Қазақстанмен одан әрі жақын танысып, жобаға қатысушыларға сұрақтарын қойып, зерттелмеген орындардан ғажап суреттер жасау тәжірибесімен бөлісе алады. Мәскеу метросындағы көрме бір ай бойы өтеді.