Әлеумет

Білікті басшы, беделді маман

Білікті басшы, беделді маман

Талас ауданының орталығы Қаратауға барған жанның көпшілігі Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына бас сұғады. Аудан, облыс деңгейіндегі негізгі іс-шараның барлығы аталған орталықтың сахнасында өтіп жатады. Орталыққа кіргеннен тазалық пен жинақылықты, реттілікті байқауға болады. Ол жұмыстың барлығын үйлестіріп отырған аталған орталық директоры Кендия Пірман.

Ол Өскемен мәдени-ағарту училищесін «Клуб қызметкері», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту әдістері мамандығы бойынша бітірген. 1987 жылы Көктал ауылдық клубында би үйірмесінің жетекшісі болып, жұмыс істеп жүріп, өзінің іскерлігін көрсетті. Ауылдағы дарынды қыздарды би өнеріне баулып, жетістіктерге жеткізді. Көктал ауылдық клубының меңгерушілігіне ауысқанда да көкталдықтар ерекше қуанған. Әрине, қолынан іс келетін маман екенін мойындағандықтан. Көкталда табаны күректей 11 жыл қызмет етті. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2002 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне бас маман болып ауысты. Көкталдан жиған тәжірибесі аудан көлеміндегі жұмысқа оң әсерін берді. Сол уақытта аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болған белгілі ақын Нарша Қашаған еді. «Менің мәдениет саласындағы ұстазым Нарша Қашаған. Ол кісіден үйренгенім көп. Бекзаттық, парасаттылық, кеңдік, тереңдік – Нарша ағайдың ұстанымы. Біз де сол ұстаныммен табыстарға жеттік», – дейді Кендия Пірман. Ол 2009 жылдың қараша айынан бастап «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығының директоры қызметін атқарып келеді. Аудан мәдениетінің сан-салалы жұмысын басқара жүріп, елден алғыс алуда. Қоғамдық жұмыста да белсенді. Талас ауданының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы ретінде де атқарған жұмысы сан алуан. 2012 жылы Астана қаласында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл орталығы» мемлекеттік мекемесінің бас маманы болып қызмет атқаруы – Кендия Тәшімқызының қай деңгейде де құрметке лайықты екенін білдірсе керек. Бір айта кетерлігі, ол «Патриот Медия» ЖШС-ның директоры бола жүріп, «Балапан» телеарнасының тапсырысымен «Мақтақыздың басынан кешкендері» және «Ғажайып Наурыз ертегісі» киноларының да түсіріліміне атсалысқан. Кендия Пірман – Мәдениет саласының үздігі, «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Отбасында 2 ұл, 5 немере тәрбиелеп отыр. Қай кезде де қоғамдық жұмыстарға атсалысып, өзінің белсенділігін көрсетіп келеді.  

Есет ДОСАЛЫ