Бәсекеге қабілетті білім ошағы
Бәсекеге қабілетті білім ошағы
Білім ошағы «Қазақстан халқына» және «Білім беруді дамыту» қайырымдылық қорының «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына еніп, алдағы уақытта тірек лицей есебінде өз жұмысын бастайтын болады. Сол үшін лицейдің материалдық- техникалық базасы толықтай жаңарды. Атап айтқанда, жаңа модификациялық кабинеттермен, заманауи зертханалармен, ART студиямен, STEM-лабораториямен, TELE-студиямен жабдықталған. Өткен аптада Мұғалімдер күніне орай тірек мектеп-лицейінің салтанатты ашылуы өтті. Оған аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандағы зиялы қауым өкілдері қатысты. Мектеп фойесінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы сөз сөйлеп, мектеп-лицей ұжымын мерекелерімен және тірек мектеп- лицейінің ашылуымен құттықтады. – Лицей магниттік мектептер – Б.Момышұлы, Б.Майлин, Т.Әкімов атындағы орта мектептері және Ынтымақ негізгі мектебінен келген 191 оқушы мектеп-лицей базасында білім алып, түрлі үйірмелерге тартылатын болады. Сонымен қатар, білім сапасын арттыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебі және педагогикалық шеберлік орталығымен бірлескен меморандум аясында үш жыл бойы жаңа әдістемелерді енгізу мен біліктілікті арттыру жұмыстарымен айналысады. Келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, елі мен жерін сүйетін, ұлтқа адал қызмет ететін ұрпақ қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ортақ міндетті орындау мақсатында Мемлекет басшысының қолдауымен «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының демеушілігімен ашылып отырған бүгінгі тірек мектебі тағы да құтты болсын! – деді аудан әкімі. Ал, аталған білім ошағының директоры Руслан Сайлаубаев салтанатты жиынға қатысушыларды мектептің жаңадан жабдықталған кабинеттерімен таныстырды. Модификациялық кабинеттер мен заманауи зертханаларда білімін тәжірибемен ұштастырып жүрген оқушылар аудан басшысына үйренген тәжірибелерін қуанышпен жеткізді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Жуалы ауданы