Президент Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты

Президент Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл және Астана декларациясына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты. Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің халықаралық жүйесін жетілдіру ісінде Алматы және Астана декларацияларының маңызы зор екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, МСАК жүйесі эпидемияның алғашқы белгілерін анықтау және тосын сын-қатерлерге қарсы әрекет ету ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдары өздерінің орнықтылығын және туындаған жағдайға тез бейімделе алатынын көрсеткеніне назар аударды. Президент адамзаттың COVID пандемиясын еңсеруіне үлес қосқаны үшін барлық медицина қызметкеріне алғыс айтты. Бұл ретте, Президенттің пікірінше, барлық ықтимал қауіп-қатерді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесі кез келген күрделі жағдайға әрдайым дайын болуы үшін оған қолдау көрсету керек. Ауру-сырқаудың белгілерін бастапқы кезеңінде анықтау және тосын сын-қатерлерге дер кезінде назар аудару үшін әлеуетті арттыра беру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға арнайы тоқталды.
Президент сөзін қорытындылай келе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды. Бұл бірлестік денсаулық сақтау және аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету саласын, жалпы денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуда жастарға зор сенім артатынын атап өтті. Мемлекет басшысы жастармен кездескен сайын спортпен шұғылданудың маңыздылығы туралы айтатынын еске салып, оларды еңбекқор және мақсаттарына адал болуға шақырды. Сонымен қатар конференцияның пленарлық отырысында ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДҰ-ның Еуропадағы өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге, Торонто денсаулық сақтау жүйесі университеті МСАК Серіктестік кеңсесі жаһандық бөлімінің жетекшісі Кэтрин Руло сөз сөйледі.
Akorda.kz